Оңтүстік Корея Telegram-ды тексеруді бастады
Оңтүстік Корея полициясы Telegram-ды тексеруді бастады. Осы желі арқылы жасанды интеллект көмегімен жасалған бейәдеп видеолар кеңінен тарағаны анықталған. ЖИ жасөспірімдердің бейнесін жасау үшін пайдаланылған.
«Франциядағыдай Сеул қалалық полиция агенттігі ресми айып тағудан бұрын Telegram-ға қатысты тергеуді бастады», – деді журналистерге сұхбат берген Оңтүстік Корея Ұлттық қылмыстық тергеу агенттігінің басшысы У Чон Су.
У Чон Су Telegram командасын қылмысты әшкерелеу үшін құқық қорғау органдарына көмектеспейді деп айыптады. Өткен аптада полиция осы мессенджер арқылы порнографиялық дипфейк таратуға қатысты 88 фактіні тіркеген.
Францияда Павел Дуров ұсталған соң, көп ұзамай Корея Telegram жұмысын тексеретінін ескертті. Бұған елдің бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған ақпарат себеп болған. Журналистер Telegram чаттарында оңтүстіккореялық әйелдердің жалған суреттері мен бейнелері жарияланатыны, тіпті әдепсіз контент көмегімен азаматтарды бопсалау жиілегені туралы мәселе көтерген. Ел президенті Юн Сук Ёл цифрлы қылмыстарды мұқият тексеруді тапсырған.