Шекарашылар қару-жарақ, есірткі заттарын тәркілеп, 1,6 млрд теңгеден астам валютаны қазынаға қайтарды

Жарияланды (жаңартылды )
Шекарашылар 107 мың литр жанар-жағар майды тәркіледі/ фото kursiv.media

Тамыз айында шекара тәртібіне мойынсұнбаған 4985 шетелдік ұсталды. Оның ішінде 36 адам шекараны бұзып өткен.

ҰҚК Шекара қызметі тауарларды заңсыз алып өтпек болғандарды әшкерелеген. Бір айда 1746 факті тіркелді. Заң бұзушылардан 11 мылтық пен тапанша, 99 суық қару, 464 оқ-дәрі және есірткі заттары тәркіленді. 107 мың литр жанар-жағар майды жылыстатпақ болғандар табылды.  

Шекарашылар жалпы сомасы 1,6 млрд теңгеден астам валютаны санап алды. Құны 3,5 млрд теңгеден астам тауардың таралуына тосқауыл қойылды.

Каспий акваториясында 9 браконьерлік факті тіркелді. Браконьерлер 50,5 келі бекіре, 716 келі ұсақ балық және 38 су тасбақасын алып өтпек болған. Заңсыз жолмен табыс таппақ болғандар мемлекетке 19,4 млн теңге залал келтірді.

Айта кетейік, шілде айында Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында контрабандалық дәрі-дәрмекті тасымалдауға арналған 310 метрлік туннель табылды. Өзбекстан Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі шекарашылармен және «Ташкент-Аэро» мамандандырылған кеден кешенінің қызметкерлерімен бірлесіп, Өзбекстанға Қазақстан арқылы Үндістаннан заңсыз дәрілік заттарды тасымалдап келген трансшекаралық қылмыстық топтың қызметін анықтаған.

Сондай-ақ оқыңыз