Ақылды кедей бола ма? Немесе интеллектісі жоғары адамның барлығы бірдей бай емес. Сол сияқты кедей біткеннің бәрі ақылсыз бола бермейді. Әлбетте, әлдекім қарызға кіріп, айлығы шайлығына жетпей жүрсе, «демек, ақылы аз болғаны да» дейтіндер табылады. Бірақ ғылым бұл тұжырыммен келіспейді. Америкалық психолог Льюис Терман адамның IQ көрсеткіші оның бай болу-болмауына әсер ете ме деп зерттеу жасаған. Нәтижесі өте қызық.
Льюис Терман тәжірибесі
Стенфордтық психолог Льюис Терман 1921 жылы зерттеу жұмысын бастайды. Ол IQ көрсеткіші өте жоғары 1500 баланы іріктеп алады. Көпшілігі тесттен 150 ұпай жинаған. Кейбірі тіпті 170 балл алған. Жалпы алғанда орта көрсеткіш — 85-115 ұпай аралығы. Терман интеллект деңгейі жоғары балаларды дарынды деп санаған. Сондықтан жұмысын «Дарындылыққа қатысты генетикалық зерттеу» (Genetic Studies of Genius) деп атаған.
Терман іріктеп алған балалар мектепте алғыр, дені сау, әлеуметпен жақсы араласатын бала боп өскен. Есейе келе танымал болғандары да бар. Мысалы психолог Ли Кронбах психология мен білім беру саласындағы тестілерді нақтырақ ететін әдістерді ойлап тапқан. Ал Джесс Оппенхаймер 1950 жылдары әлемге әйгілі болған «Мен Люсиді сүйемін» (I love Lucy) ситкомын түсірген. Физиолог Ансель Киз болса, жүрекке қанық майлары бар диетаның зияны қанттан емес екенін байқаған алғашқы мамандардың бірі. Сол кездері басталған Ұлы депрессияға (әлемдік экономикалық дағдарыс) қарамастан, дарынды балалардың үштен екісі жоғары білім алған. Көбі кәсіпкер, дәрігер, заңгер, инженер, ғалым, оқытушы болып шыққан. Бірақ ішінде Нобель сыйлығын алған біреуі жоқ. Осы жерде мына қызықты қараңыз: Терман іріктеген кезде «интеллект көрсеткіші өте төмен» деп алмай қойған екі бала — Луи Альварес пен Уильям Шокли Нобель сыйлығын иеленген.
Шокли Силикон алқабының негізін қалағандардың бірі. Сол маңайда жартылай өткізгіштермен айналысатын алғашқы зертхана ашқан. Бірақ кейіннен расистік көзқарастарымен беделіне нұқсан келтіріп алды. Шокли тіпті интеллект көрсеткіші 100-ден төмен адамдарға бюджет есебінен стерилизация процедурасын төлеп беру керек деп ұсыныс айтқан екен. Бәлкім, Терманның іріктеуінен өтпей қалғаннан кейін осы тақырыпқа қатты қызыққан болса керек.
Жалпы алғанда әлгі дарынды балалар орта есепті америкалықпен салыстырғанда алты есе көп ақша тапқан. Бірақ бұл «алты есе» деген сөз бір қарағанда ғана таң-тамаша қылады. Өйткені мұнда барлығының көрсеткіші біріктіріліп, ортасы табылған. Ал енді әрқайсысына жеке-жеке қарап, талдап көрген кезде жағдай ондай емесін байқауға болады. Зерттеуге қатысқандардың басым бөлігі қатардағы полиция қызметкері, теңізші, машинист сияқты әдеттегі қызметтерді атқарған. Олардың алатын айлығы да анау айтқандай көп емес еді. Өмірі де көппен көрген — ұлы той іспеттес өткен. Осыны байқаған Терман өзінің бастапқыдағы ойы қате болды ма деп ойлана бастайды. Яғни интеллект пен жетістіктер арасындағы корреляция ол ойлағандай емес екен. Осылайша психолог табысқа жететіндердің дені бала кезінен мақсатына ұмтылатын, өзіне сенімділер деп қорытынды жасайды.
Ақылды адамның барлығы кедей ме?
Терманның бұл зерттеуі әжептәуір ескірді. Қазір оның бұл жұмысын іріктілген балалардың ұрпағымен жалғастырып жатқан ғалымдар бар. Бірақ бұл зерттеу жұмысына қатысты сын көп. Кейбірі Терманның IQ көрсеткішін қате есептеген дейді. Енді бірі таңдаған кезде дұрыс іріктелмеген, қатысушылардың ішінде көпшілігі бақуатты отбасыдан болған деседі. Одан қала берді Терман бақылап отыра бермей, әлгі балалардың табысқа жетуіне септескен. Мысалы қатысушыларға ұсыныс хат дайындап беріп, жұмысқа орналасуға, Стэнфордқа оқуға түсуге көмектескен. Әрине, сондай септігінің арқасында айлығы жоғары маманға айналуына әсер еткен болуы мүмкін.
Қазіргі ғалымдар арасында да ақылды кедей яғни интеллект пен жоғары табыс арасындағы байланысты іздеп, зерттеумен айналысып жүргендер бар. Мәселен зерттеуші Джей Загорски 7500 америкалық тұрғынның деректерін алып, IQ-дегі әр ұпайдың адам табысына жылына 234-616 доллар қосып отыратынын есептеп шыққан. Яғни зерттеу жұмысы жарияланған жылдары (2007 жылы) интеллект көрсеткіші жоғары (130 балл) адам елдегі орташа жалақы табатын адамдардан 20-55 пайызға көбірек табыс тапқан-мыс. Бұл зерттеуге сүйенсек, ақыл адамға көбірек табыс табуға көмектеседі деген түйін жасап тұр.
IQ-тест және ақылды кедей
Бірақ Загорски анықталған корреляцияны тым әлсіз дейді. «Тіпті IQ-тест өте дәл есептейтін әдіс деп, оның деңгейі өмір бойы бір қалыпта тұрады десек те, интеллектісі төмен адам аз айлыққа жұмыс істейтін, табысы төмен болады деуге болмайды» деп жазады ол. Яғни керісінше де айтуға болмайды деген сөз. Интеллект деңгейі әр түрлі болса да, табысы бірдей қаншама адам бар?! Бұдан шығатын қорытынды: ақылды кедей болуы мүмкін. Немесе интеллект жоғары болса, бұл ақшамен мәселе болмайды дегенді білдірмейді. Айталық, IQ тесттен 100 балл жинағандар интеллект көрсеткіші 80 көрсеткендерге қарағанда кредит картасының лимитін тез тауысып тастап, кредитін жиі кешіктіргені анықталыпты. Одан қала берді интеллект көрсеткіші өте жоғары, 140 ұпай болғандардың ішінде төлемдерді уақытында төлемейтіндер болған екен. Пайызға шаққанда мұндай адамдардың үлесі — 10 пайызға жуық.
Сонымен интеллект деңгейі жоғары болғаны табысты болуыңызға кепіл болмайды дедік. Олай болса, қаржылай мәселеден ада болуға не көмектеседі? Мұндайда ғалымдар мына үш факторды ерекшелеп айтады.
Жеке қасиеттер
Льюис Терман «адамның өскенде табысты, жетістігі мол болуына өз-өзін бағалай алуы мен мақсатқа ұмтылғыштығы көбірек әсер етеді» деп қорытынды жасағанын айттық. Интеллект деңгейінен гөрі осы қасиеттер маңыздырақ деген ойды басқа ғалымдар да құптаған. Мысалы экономика саласынан Нобель сыйлығын иеленген Джеймс Хекман әріптестерімен бірге мыңдаған адамның деректеріне анализ жасап шыққан. Оның ішінде интеллект көрсеткіші, мектептегі бағасы, университеттегі үлгерімі мен жеке қасиеттерге қатысты тесттер нәтижесін назарға алған. Соның бәрін табысымен қатар қойғанда мына нәрсені анықтаған: жалақы тек 1-2 пайыз жағдайда ғана интеллектіге байланысты болған. Қалған жағдайда екеуінің арасында байланыс жоқ болып шығыпты.
Мектеп пен университеттегі үлгерім IQ көрсеткішіне қарағанда жақсырақ нәтиже көрсетіпті. Бірақ бұл дегеніміз сабақты мықты оқығанына ғана байланысты емес. Оқыған кезде адамның когнитив қабілеттерімен қоса, жеке қасиеттері де көрінеді. Оның ішінде еңбекқорлығы, ішкі тәртібі, жаңа нәрсені көруге ұмтылуы, мақсаттан қайтпауы дегендей қасиеттер бар.
«Міне, адамның қаржылай жағдайына әсер ететін факторлар — осы» деген екен Джеймс Хекман.
Яғни IQ көрсеткіші орташа, бірақ шыдамды, орнықты оқушының интеллектісі асып тасып тұрғанымен жалқау сыныптасына қарағанда табысқа жету ықтималы жоғары деген сөз. Өйткені мектеп 12 жылда бітеді, университеттегі оқу да мәңгі жалғаса бермейді. Бірақ шыдамдылық, төзімділік адам бойынша мәңгі қалады. Жетістікке жетелейтін де — сол.
Мұндай қорытынды кейінірек 1960-1970 жылдары жасалған «зефир тест» зерттеу жұмысындағы нәтижемен ұштасады. Ол қалай жасалған? Баланы отырғызып қояды да, алдына зефир қояды. Сөйтіп оған «мен қайтып келгенше жемей күтіп отырсаң, бір емес, екі зефир беремін» деп уәде береді. Ғалымдар осы әдіспен он шақты баланы сынап көреді де, кейін өмірі қалай болатынын бақылаған. Арада 20 жыл уақыт өткенде екі есе сый алу үшін шыдағандар өмірде табыстырақ болып шыққан.
Бақуатты отбасыда дүниеге келген бала
Осыдан бірнеше жыл бұрын америкалық ғалымдардан құралған топ зефир тестін қайталап істеп көрмекші болады. Бірақ бұл жолы түрлі әлеуметтік фактор есепке алынады. Мысалы отбасылық бэкграунды мен үйдегі атмосфераны қосады. Сөйтіп нәтижесінде адамның өзін бақылауда ұстай алу болашақта табысты болуына әсер еткенімен, мұндағы корреляция әлсіз деп тұжырым жасайды. Одан гөрі ата-анасының қаржылық жағдайы маңыздырақ дейді. Яғни ата-анасы бақуатты балалар төзімдірек болып шыққан. Олардың уақыт өте келе молырақ табысқа жететініне еш таңғалуға болмайды. Әлбетте, ата-анаң бай болса, сенде мүмкіндік те мол. Жақсырақ жерде оқисың, денсаулығыңа қарайсың, университетте қосымша табыс керек деп уақытыңды жұмысқа арнамайсың. Демек, мұндай балаларда қаржыға қатысты мәселе болмаған соң, бұл тұрғыда стресс азырақ болады. Ал адам қаржылай қиындық болған кезде «қай жерден ақша табамын» деп бәйек болады. Миы да қатты шаршап, бір нәрсеге толыққанды фокус қоя алмай қиналады. Мансабын жасап, пайдалы нетуорк құрып, бизнес-идеясын тәптіштеп ойластыра алмайды деседі.
Жолы болуы мүмкін
Байлықтың басты әрі маңызды компоненті жолы болғыштық болса керек. Италиялық ғалымдар компьютерлік стимуляция арқылы адамдардың 40 жыл бойғы мансабы қалай дамитынының моделін жасап шығарады. Біреуі шығармашыл, біреуі ақылды, біреуі креативі мол, енді біреуі эмоциялық интеллектке бай болған. Сол сияқты ішінде бұл қасиеттері аз адамдар да болыпты. Бір қарағанда адамның табысқа жетуіне талант болса жетіп жатыр деп ойлауымыз мүмкін. Бірақ талант жеткіліксіз екені белгілі болған. Кей адамдардың ғана жолы болған. Әрі табысты болуына оның еңбекқорлығы емес, аяқ-асты асығы алшысынан түскені себеп болыпты. Бұдан шығатын қорытынды кейде ерекше талант ие болса да, жолы болмайтындар болады . Сол сияқты таланты болмаса да, жетістікке жететіндер табылады.
Ақылды кедей болғыңыз келмесе
Интеллект бай болуға бірден-бір әсер ететін фактор емес. Норвегия, Финляндия мен Аустралияның ғалымдары алпауыт швед компанияларының бас директорларының интеллект деңгейі зерттеудің басқа қатысушыларына қарағанда жоғары екенін байқаған. Шағын компаниялардың басшылары да басқа тұрғындарға қарағанда жақсырақ нәтиже көрсетеді. Бірақ олардың табысқа жетуіне ақыл ғана әсер етпеген. Қосымша фактор ретінде еңбекқорлық, адамдармен байланыс орнату, харизма сияқты қасиеттер керек. Әрине жолы болғыштығы да бар. Сондықтан барлығы қосылғанда ғана нәтиже шығады.