Жаңалықтар

Бишімбаев ісі: Бақытжан Байжанов сот үкіміне қатысты кассациялық шағымын қайтарып алды

Өтінішті қайтару туралы қаулы 4 қыркүйекте / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша 4 жылға сотталған Бақытжан Байжанов кассациялық шағымын қайтарып алды. Бұл жайында Жоғарғы Сот хабарлады.

«Бақытжан Байжанов 26 тамызда сот актілерін қайта қарау туралы кассациялық шағымын кері қайтарып алды. Осыған байланысты өтінішті алдын ала қарау өтпейді. Өтінішті қайтару туралы қаулы 2024 жылдың 4 қыркүйегінде шығады», – делінген Жоғарғы соттың хабарламасында.

Мамыр айында Ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты сот үкімі шықты. Экс-министр Бишімбаев Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағы («қинау») бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бап бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы («аса қатыгездікпен адам өлтіру») бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бап бойынша 20 жылға бас бостандығынан айырылды.

Бишімбаевтың туысы  Бақытжан Әмірханұлы Байжанов аса қауіпті қылмысты жасырғаны үшін Қылмыстық кодекстің 432-бабында қарастырылған айыпқа сәйкес кінәлі деп танылды. Ол төрт жыл бойы қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде жазасын өтейді.

Одан кейін Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша сотталған Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановтың шағымы апелляциялық сотқа келіп түсті. 26 маусымда Астанада Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановтың ісі апелляция сатысында қаралды. Апелляциялық сот бірінші инстанцияда шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырды. 

Еске салсақ, Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді Қуандық Бишімбаевты тағы да сотқа берді. Бұл жолы материалдық және моральдық зиянды өтеу туралы талап қойылған. БАҚ беттеріндегі ақпаратқа сүйенсек, алғашқы сот отырысы 3 қыркүйек сағат 11:00-ге жоспарлаған.

Нүкенованың отбасы моральдық материалдық шығында құқық қорғаушылармен бірге кеңесіп есептеп шыққан. Оның көлемі нақты қанша екенін әлі хабарланған жоқ.