Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік медициналық көмектің бірыңғай пакетін әзірлеуді ұсынды. Ал одан асып кеткен шығынның бәрі сақтандыру жүйесі арқылы төленетін болады.
Тоқаев биыл денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 трлн теңге қаржы бөлінгенімен, бұл қаржының нәтижесі көрінбейтінін айтты.
Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар арасында міндеттердің дұрыс бөлінбеуі бұрмаланған ақпараттың көбеюіне әкеп соқтырды. Науқастарға мемлекет кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде алуды немесе бірнеше ай бойы кезек күтуді ұсыну жайттары аз емес. Бұған жол беруге болмайды,- деді Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауы барысында.
Президент бюджеттің мүмкіндігі мен міндеттемесін ескере отырып, мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің бірыңғай базалық топтамасын жасау қажет екенін айтты. Ал одан асып кеткен шығынның бәрі сақтандыру жүйесі арқылы төленуге тиіс. Цифрландыру болмаса, мұндай ауқымды өзгерістерді сәтті жүзеге асыру мүмкін болмайтынын да атап өтті.
«Бір-біріне байланысы жоқ ондаған бағдарлама мен ақпараттар базасының орнына бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпарат жүйесін жасау керек. Жаңа жүйе, меншік түріне қарамастан, мемлекеттік тапсырыс алатын медицина мекемелерінің бәріне толық бақылау жасалуын және мәліметтердің шынайы болуын қамтамасыз етуі қажет»,- деді Тоқаев.
Тоқаев осы маңызды мәселені шешуге Үкімет дереу кірісіп, бұл бағыттағы жұмыстың барысын өзіне және депутаттық корпусқа есеп беріп отыруға тиіс екенін қадап тапсырды.
Айта кетейік, осыған дейін Жоғары аудиторлық палата Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аудит жүргізіп, кейбір медициналық ұйымдардың қаражатты орынсыз пайдаланғанын анықтаған еді. Атап айтқанда, кейбір мекемелер медициналық қызметтерге қордан да, емделушіден де қосарланған төлем алып отырған. Ал енді бір ұйымның жеке орны мен медициналық жабдықтары болмағанына қарамастан, қордан қаражат алып келгені белгілі болды.
Ал Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Әбілқайыр Сқақов енді 1 миллион немесе одан да жоғары жалақы алатындар МӘМС-ке көбірек жарна төлеуі мүмкін екенін мәлімдеген болатын.