Биыл қабылданатын Бюджет кодексі Ұлттық қордан қайта-қайта қаржы алуды қысқарта ма: Байбазаров не дейді?

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Ұлттық қордан алынатын қаржы қысқара ма / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Аружан Махсотова

Жыл соңына дейін жаңа Бюджет кодексінің жобасы қабылданады. Бұл туралы Үкімет отырысында вице-премьер – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, жаңа кодекс негізінде мемлекеттік шығындарды бақылау мен шектеудің қатаң шаралары қолға алынбақ. Бюджет кірісін арттыру мақсатында салықтық әкімшілендіру, цифрландыруды жақсартылып, көлеңкелі экономиканың үлесі азайтылып, салық базасын ұлғайту және тиімсіз жеңілдіктерді оңтайландыру қарастырылған. Бұл нормалар 2025 жылдың жазында қабылданады деп жоспарланған жаңа Салық кодексінің жобасында нақтыланбақ.

Байбазаров жаңа бюджет кодексіне сәйкес, алдағы уақытта Ұлттық қордан бөлінетін нысаланы трансферттер өте маңызды жобаларға жұмсалатынын айтты.

«Ұлттық қор қаражатын стратегиялық мақсаттарға пайдалану үшін жаңа Бюджет кодексінде нысаналы трансферттерді тек аса маңызды нысандар мен республикалық маңызы бар жобаларды қаржыландыруға пайдалану көзделген. Нарықтық емес шарттарда қаржыландыру жоспарланған жобаларға сараптама жүргізу тетігі әзірленеді. Ол облигациялық қарызға қатысты», – деді Нұрлан Байбазаров үкімет отырысында.

Шығын көп, кіріс аз

Қазақстанның бюджеті 2007 жылдан бері қаржы тапшылығын сезініп келеді. Яғни ел қазынасына түсетін кіріс аз, ал шығын жылдан-жылға артып барады. Ал оны үкімет қарыз есебінен және Ұлттық қордан қаржыландырылып отыр. 2023 жылы республикалық бюджеттің тапшылығы 3,2 трлн теңгеге жетіп, ЖІӨ көрсеткішінің 2,7%-ын құрады.

Ал 2024 жылдың І жартыжылдығының өзінде бюджет тапшылығы 1,8 трлн теңгені құрады. Осы кезеңде бюджет тапшылығы 788 млрд теңгеден аспауы керек болған. Алайда жоспар мен нақты цифрлар арасындағы айырмашылық -2,4 есе.

Бұл кезеңде жоспарланған салықтың үштен бірі жиналмады. Республикалық бюджет кірісі осы кезеңде 10,4 трлн теңгені құрайды деп жоспарланған. Алайда кіріс 8,6 трлн теңгені құрады. Осы 8,6 трлн теңге құрамында салық түсімдері – 5,18 трлн теңгеге жеткен. Жоспар бойынша осы кезеңде 6,8 трлн теңге салық жиналуы тиіс еді.

2024 жылға арналған бюджет туралы заңда республикалық бюджет тапшылығы 3,5 трлн теңгені немесе жалпы ішкі өнімнің 2,6%-ын құрайтыны жазылған.

Ал 2025-2027 жылдарға арналған бюджет жоспарына сәйкес, алдағы жылдары да мембюджет шығыны арта бермек. Мәселен, 2025 жылы бюджет шығыны 8% өсіп, 25,1 трлн теңгеге жетеді. Осы шығынды жабу үшін Ұлттық қордан алынатын трансферттер көлемін де арттыру жоспарланған.

Айталық, 2023-2024 жылдары Ұлттық қордан әр жылы 2 трлн теңге – кепілдендірілген трансферт, 1,6 трлн теңге – нысаналы трансферт тартылды. Оған қоса былтыр Үкімет «Қазмұнайгаз» акцияларын сату арқылы қордан 1,3 трлн теңге шығарып алды. Биыл осы тәсілмен «Қазатомөнеркәсіп» акциялары сатылып, қордан тағы ақша алынып жатыр.

Енді 2025 жылы Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттер көлемі 5,25 трлн теңгеге дейін ұлғаюы мүмкін. Кепілдендірілген трансферт өзгеріссіз қалса (2 трлн теңге), нысаналы трансферт көлемі 3,25 трлн теңгеге жетеді. Яғни жоспар бойынша, стратегиялық жобаларға жұмсалатын қаржы көлемі екі есе артпақ.

27 тамыздағы Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов алдағы салық реформасы бюджет кірісіне оң әсер етпесе, Ұлттық қордан қосымша қаржы алынатынын нақтылады.

«Қор параметрлерінің болжамы осы және келесі жылдары қосымша трансферт тарту туралы шешімдерге негізделген. Осылайша, Ұлттық қордың таза валюталық активтері 2025 жылы 57,8 млрд доллар деңгейінде бағаланады. Ал 2027 жылы 74 млрд долларға дейін өседі», – деді спикер.

 Қазір Ұлттық қорда 61,15 млрд доллар қаржы бар. Статистикадан 2024 жылдың басымен салыстырғанда қор қаржысы 1,87%-ға өскені байқалады.

Сондай-ақ оқыңыз