АҚШ Венесуэла президенті Николас Мадуроның ұшағын тәркіледі
АҚШ билігі Венесуэла президенті Николас Мадуроның ұшағын тәркіледі деп хабарлайды CNN. АҚШ бұл лайнерді Мадуро америкалық санкцияларды бұза отырып сатып алған деп санайды.
Басылымның мәліметінше, құны 13 миллион доллар тұратын ұшақ кейінгі кезде Доминикан Республикасында тұрған. АҚШ билігінің бұйрығымен дүйсенбі, 2 қыркүйек күні лайнер Флоридаға ауыстырылған.
Ресми мәліметтер бойынша, бұл ұшақ – Венесуэланың бірінші тұлғалары пайдаланатын әуе көлігі. Онымен Мадуро бірнеше елге сапарлаған.
Ұшақты тәркілеу үшін АҚШ Доминикан Республикасымен тығыз жұмыс істеген. Телеарна дереккөзі Венесуэла үкіметінің бұл шешімге шағымдануға мүмкіндігі бар екенін атап өтті.
«Ұшақтың тәркіленуі Америка Құрама Штаттары мен Венесуэла арасындағы онсыз да салқын қарым-қатынастардың шиеленіскенін байқатады», – деп жазады CNN.
Вашингтон Николас Мадуро жеңіске жеткен таяудағы президент сайлауының нәтижесі туралы нақты деректерді жариялауды талап етіп, Каракасқа қысым көрсетуді жалғастырып жатыр.
Сонымен қатар Латын Америкасының тоғыз елі Венесуэладағы сайлау нәтижелерін қайта қарауға шақырған болатын.
Аргентина, Гватемала, Доминикан Республикасы, Коста-Рика, Панама, Парагвай, Перу, Уругвай және Эквадор қол қойған декларация Венесуэладағы сайлау нәтижелерін толық қайта қарауды талап етті.
Айта кетейік, Венесуэла президентінің сайлауы 28 шілдеде өтті. Қазіргі президент Николас Мадуро 51,2% дауыспен жеңіске жетті. Ал оның қарсыласы Эдмундо Гонсалес 44,2% жинады. Сайлаудан кейін 29 шілдеде Венесуэла астанасы Каракаста Мадуроның қайта сайлануына қарсы наразылықтар басталды.
Венесуэладағы ереуілге байланысты 1200-ге жуық адам ұсталып, Мадуро наразылықты Илон Маск бастаған шетелдіктер қаржыландырғанын мәлімдеді.