Қаржы министрлігі жыл соңына дейін қор биржасынан 528 млрд теңге тартуды көздеп отыр
Қаржы министрлігі жыл соңына дейін Қазақстан қор биржасынан 528 млрд теңге тартуды көздеп отыр. Осы мақсатта нарыққа мемлекеттік бағалы қағаздар (МБҚ) шығарылады.
Министрліктің МБҚ шығару кестесіне сай, 528 млрд теңге қарыздың негізгі бөлігі – 250 млрд теңгесі қыркүйек айында тартылады. Қазан айында – 190 млрд теңге, қарашада 55 млрд теңге, желтоқсанда 33 млрд теңгеге тең облигация шығару жоспарланған.
Тамызда Қаржы министрлігі тартылатын мемлекеттік қарыз көлемін 4,5 есе қысқартқан. Бұл айда биржаға жалпы сомасы 190,0 млрд теңгеге тең МБҚ орналастырылады.
Ал маусым мен шілдеде әр айда қор биржасына 870 млрд теңгеге тең мемлекеттік бағалы қағаздар орналастырылды.
Қаржы министрлігі 2024 жылы қор нарығынан жалпы 5,2 трлн теңге қаржы тартуды жоспарлаған. Министрліктің есебіне сәйкес, Қазақстанның мемлекеттік қарызы жарты жылда 1,5 трлн теңгеге артқан. 1-жартыжылдықта мемлекеттік бағалы қағаздарды (МБҚ) шығару арқылы 3,6 трлн теңге ішкі қарыз тартылса, сыртқы қарыз көлемі – 47,6 млрд теңге.
6 айда жыл басындағы 27,17 трлн теңгеден 28, 72 трлн теңгеге дейін өсті. Мемлекеттік борыштың жалпы ішкі өнімге қатысты үлесі 21,3%-ды құраған. Қазір Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 134 трлн теңгеден асады.