Ұлттық банктің еншілес ұйымы – «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ қор биржасына 446 млрд теңгеге облигация шығарады. Директорлар кеңесінің шешімі Қазақстан қор биржасында орналастырылған.
Орнықтылық қоры биржаға жалпы саны 446 млн облигация мен туынды бағалы қағаз шығаруды жоспарлап отыр. Әр бағалы қағаздың құны – 1000 теңге. Нәтижесінде қор нарықтан 446 млрд теңге қаржы тартпақ.
Бұл облигациялар мен туынды бағалы қағаздар биржаға бәрі бірдей шартпен орналастылмайды Құжатта жалпы көлемі 346 млрд теңге болатын облигациялар 1 жылға орналастырылса, құны 100 млрд теңгені құрайтын облигациялар 2 жылға шығарылатыны жазылған. Алайда қаржы қандай мақсатта тартылатыны нақтыланбаған.
«Қазақстанның орнықтылық қоры» 2024 жылдың І жартыжылдығында 26,4 млрд теңге таза пайда тапқан. Бұл ұйым – «7-20-25» және «Баспана-Хит» ипотекалық бағдарламаларының негізгі операторы.
Ұлттық Банк еншілес ұйымының міндеттері: банк секторының қаржылық тұрақтылығына ықпал ету; ипотекалық тұрғын үй заемдарының қол жетімділігін қамтамасыз етуге қатысу; ипотекалық тұрғын үй заемдарын (ипотекалық қарыздар) қайта қаржыландыру тетігін іске асыруға қатысу; басым жобаларды несиелеу механизміне қатысу; Қазақстан Республикасы азаматтарының қарыздық жүктемесін азайту жөніндегі шараларды іске асыруға қатысу.
Қор 2023 жылға дивиденд төлемеді. 2022 жылғы пайда 2021 жылғыдай «7–20–25» ипотекалық бағдарламасын жүзеге асыруға жұмсалған болатын.