Қазақстанның әр аймағында инвесторлардың мәселелерін шешу үшін арнайы штаб құрылады
Қазақстан үкіметі инвесторларды қалай тартады? Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, елде инвесторларды іздеуден бастап жобаларды аяқтауға, оның ішінде бюрократиялық кедергілерді еңсеруге және квазимемлекеттік сектордан көмек көрсетуге дейінгі инвестициялық циклге толық қолдау көрсетіледі.
«Әр облыста әкімдердің жетекшілігімен өңірлік инвестициялық штабтар құрылады. Оның құрамына жергілікті атқарушы органдардың басшылары, «Kazakh Invest», «Атамекен» ҰКП, Арнайы экономикалық аймақтар, прокуратура, салық органдарының өңірлік өкілдері кіреді. Бұл инвесторларға «осында және қазір» принципі негізінде мәселелерді жергілікті әрі жылдам шешуге мүмкіндік береді. Бұл тәсіл 2029 жылға дейінгі жаңартылған инвестициялық саясат тұжырымдамасында көрініс табады», – деп түсіндірді Нұрлан Байбазаров.
Еске сала кетсек, инвесторлар тарту мәселесін президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйектегі жолдауында көтерді. Оның айтуынша, экономикаға салынған тікелей инвестиция көлемін азайтып алмау үшін осы бағыттағы жұмысты күшейту керек. Әрі инвесторларға салықтық жеңілдіктер беруді ұсынды.
«Кейбір әкімдер мен министрлер инвестор тарту ісіне жөнді атсалыспай отырғанын атап өткім келеді. Үкімет бұл шаруаны ретке келтіруге тиіс», – деді мемлекет басшысы.