«Қазақстан Ресейдің Еуразиялық аймағына кіре ме»: 7-сыныптың география оқулығы әлеуметтік желіде дау туғызды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
7-сыныптың география оқулығы әлеуметтік желіде дау туғызды / Фото: желіде таралған видеодан скрин

Әлеуметтік желілерде 7-сыныптың география оқулығындағы әлем картасына қатысты дау туды. Желіде таралып кеткен видеода Қазақстан аумағының әлем картасында дұрыс көрсетілмегені айтылған. Видео авторы Қазақстанның не себепті Ресейдің Еуразиялық аймағына кіріп тұрғанына таңғалып, бұл сұрақты көпшілікке қойған.

Аталмыш жағдай әлеуметтік желілерде үлкен резонанс туғызғаннан кейін Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы жауап берді.

«Бұл оқулық 2017 жылдан бастап білім беру бағдарламасына енгізілген. Әлемнің тарихи-мәдени аудандарын аймақтандырудың көптеген түрлі тәсілдері мен классификациялары бар. Оқулықтағы «Әлемнің тарихи-мәдени аудандары» атты карта-схемасында қате жоқ. Карта-схема В.В. Вольскийдің классификациясына негізделген, онда Орталық Азия жеке аймақ ретінде бөлінбейді. Бұл қазіргі заманғы саяси немесе экономикалық шекаралары нақты көрсетілген Еуразия материгінің картасы емес, ежелгі дәуірден бері қалыптасып, өзгеріп келген әлемнің тарихи-мәдени аудандарының карта-схемасы», – делінген ресми жауабында.

Айта кетейік, тарихи-мәдени Ресейдің Еуразиялық аймағына Ресеймен бірге посткеңістіктегі елдер, соның ішінде Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Түркіменстан және Тәжікстан да кіріп тұр.

Сондай-ақ білім мазмұнын сараптау орталығының мәліметінше, қазіргі уақытта барлық оқулықты талдау негізінде оларды қайта басып шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған оқулықты жаңарту және қайта басып шығару 2025-2026 оқу жылына жоспарланған.

Сондай-ақ оқыңыз