Жаңалықтар

Елімізде жоғары оқу орындары лигаларға бөлініп, білім гранттарын тағайындау әдісі өзгереді

Білім гранттарын бөлу әдісі өзгереді / Фото: архив kursiv.media

Алдағы жылдарда елімізде білім гранттарын бөлу әдісі өзгереді. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Үкімет отырсында мәлімдеді.

Президент жолдауын іске асыру аясында отандық ЖОО-лардың бәсекеге қабілеттілігі күшейтіледі.

«Осы мақсатта келер жылдың 1 сәуіріне дейін жоғары оқу орындарының білім сапасын тәуелсіз бағалау ұйымдастырылмақ. Бағалау критерийлері ОЭСР елдерінің тәжірибесіне негізделеді. Қазақстанда жоғары оқу орындарын білім сапасына қарай лигаларға бөліп, білім гранттарын бөлу әдісін өзгерту жоспарланып отыр», – деді Дүйсенова.

Бұған қоса білім гранттарына да қатысты өзгерістер болады. Дүйсенованың айтуынша, алдағы жылдары гранттар жоғары оқу орындарының кіретін лигасына қарай және ҰБТ-да жоғары балл алған, бірақ конкурс аясында өте алмай қалған түлектерді қолдау мақсатында сараланады.

Сонымен қатар осы өзгерістер аясында университеттерге түсуге мүмкіндік беретін шекті балдар да қайта қарастырылады.

Еске сала кетейік, биыл су басқан өңірлердегі түлектер үшін квота бөлінгендіктен, ҰБТ-дан жоғары балл алған үміткерлердің көпшілігі ЖОО-ға түсе алмай қалған болатын. Артынша Ғылым және жоғары білім министрлігі қосымша грант тағайындап, иегерлердің тізімін жариялады.

Минстрліктің хабарлауынша, білім беру гранттары белгіленген тәртіппен, конкурс негізінде, ең жоғары ҰБТ балдарына ие болған үміткерлерге білім беру бағдарламаларының тиісті топтарына сәйкес белгіленген.