Қазақстанда Amazon Kuiper жаңа спутниктік интернеті пайда болады. Бұл жайлы инклюзия және трансформация мәселелері жөніндегі Азия-Тынық мұхиты конференциясы барысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрі Жаслан Мәдиев айтты.
«Amazon Kuiper – спутниктік интернет түрі. Оны Starlink, OneWeb сынды интернет жүйелерінің баламасы деуге болады. Бұл бізге осы бағытта бәсекелестікті дамытуға және азаматтарға қолжетімді бағада жақсы әрі сапалы қызмет түрлерін ұсынуға мүмкіндік береді», – деді министр.
Ведомство басшысы конференция барысында шетел мемлекеттерімен, түрлі алпауыт компаниялармен цифрландыруды дамыту саласында келісімшарттарға қол қойылатынын айтты.
«Қазақстан тұрақты цифрлық болашаққа ұмтылып жатыр. Біздің цифрлық үкімет мемлекеттік қызметтердің ел тұрғындарына қолжетімді болуы үшін қажетті жұмыстар жүргізеді. Бұл өз кезегінде азаматтарымыздың өмір сүру сапасын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді. Көпшілікке ыңғайлы болу үшін біз мемлекеттік қызметтерді күнделікті өмірде қолданатын танымал цифрлық платформаларға біріктірдік», – деді Мадиев.
Жалпы министрлік 2029 жылдың соңына дейін елде халық пен бизнеске цифрлық ресурстарға тең қолжетімділікті қамтамасыз ететін толыққанды экожүйе құруды жоспарлап отыр.
Еске сала кетсек, осыған дейін экс-министр Бағдат Мусин Илон Масктің SpaceX компаниясы Қазақстанның екі мыңға жуық ауылының мектептерін интернетпен қамтамасыз ететінін айтқан болатын. Ол еліміздің операторлары ауылға интернет жеткізуге келіспеген соң, амалсыздан SpaceX-ке жүгінгенін мәлімдеген еді.
Ал Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілі Мәлік Олжабеков Starlink интернетін тек ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз еткенде ғана ел бойынша пайдалану мүмкін болатынын жеткізген еді.