Соңғы бес жылда Қазақстанда ажырасатындар саны азайған. Бұл жайлы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов айтты.
Министрлік өкілінің айтуынша, 2021 жылы Қазақстанда 5 578 947 отбасы тіркелген. Бұл 2009 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда айтарлықтай көп. Ол жылғы санақ деректерінде республикадағы отбасылар саны 4 022 388 болған. Осылайша, 10 жыл ішінде бір жарым миллионнан астам отбасы пайда болған.
«Елімізде ажырасу санының төмендеуі байқалады. Соңғы 5 жылда бұл көрсеткіш 48,6%-ға төмендеді. Біз сауалнама жүргіздік. Сауалнама нәтижелері бойынша қазақстандықтардың 95,4%-ы отбасындағы қарым-қатынастарға қанағаттанған. Қазақстандық отбасылардың басты 3 құндылығы: бір-біріне қамқорлық жасау, өзара сыйластық, қолдау көрсету, махаббат, балалар», – дейді Кочетов.
Сонымен бірге сауалнамаға қатысқандардың 21%-ы отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайы жақсарғанын айтқан. Ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 19,5%-ды құраған. Кочетовтың айтуынша, отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтардың анықталу жағдайлары да арта түскен.
Вице-министр елде қылмыстың алдын алуға және әйелдердің, балалар мен отбасылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге арналған шаралар ұйымдастырылатынын айтты.
«Аудандар, облыстар және қалалар деңгейінде қиын өмірлік жағдайдағы отбасыларға көмек көрсету үшін отбасын қолдау орталықтары құрылады. Қазіргі таңда елде 40 орталық жұмыс істейді, 2025 жылға дейін олардың саны 192-ге жетеді», – деді министрлік өкілі.
Еске сала кетсек, Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік қатайып, заң өзгерген болатын. Бұл заң күшіне 16 маусым күні күшіне енді. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату» туралы заңға 15 сәуірде қол қойған еді. Бұл заң мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы және 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған жолдауларында әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату жөніндегі тапсырмасы негізінде әзірленген.