Коронавирусқа байланысты карантиндік шектеулер енгізілетіні туралы ақпарат жалған – Денсаулық сақтау министрлігі
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті коронавирусқа байланысты 15 қыркүйектен бастап карантиндік шектеулер енгізіліп, жаппай бетперде тағу міндеттелетіні туралы әлеуметтік желілерде тарап жатқан ақпараттың жалған екенін мәлімдеді.
«Әлеуметтік желілерде 15 қыркүйектен бастап карантиндік шектеулер енгізіліп, барлығына маска кию режимі енгізілетіні туралы таралған ақпарат шындыққа жанаспайды»,– делінген комитет хабарламасында.
Комитеттің хабарлауынша, тек медициналық мекемеде істейтін қызметкерлерге ғана бетперде кию міндеттеледі. Бұл тұмау маусымының басталуына қатысты қабылданып жатқан іс-шаралар кешені. Себебі мұндай мекемелерде түрлі инфекция жұқтыру қаупі арта түседі.
Осыған орай, Денсаулық министрлігі 15 қыркүйектен бастап, тұмауға қарсы вакцинациялау шараларының басталатынын хабарлайды.
«ҚР бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің міндетін атқарушының эпидемиялық маусым кезеңінде профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізуді көздейтін қаулысына сәйкес ағымдағы жылғы 15 қыркүйектен бастап тұмауға қарсы вакцинация жүргізу басталады. Маска кию режимі тек медициналық ұйымдардың қызметкерлері үшін енгізіледі», – деп хабарлайды комитет.
Комитет коронавирус инфекциясына қатысты жағдайдың тұрақты екенін және министрлік тарапынан жағдай қадағаланып отырғанын жеткізді. Ал шындыққа жанаспайтын ақпаратты таратқан адамдардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға беру үшін материалдар құқық қорғау органдарына берілген. Осыған орай Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті азаматтарды ресми ақпаратқа сенуге шақырады.
Айта кетейік тұмауға қарсы екпенің 2,2 млн дозасы Ресейден әкелінеді. Оның 200 мың дозасы Алматыға, 160 мың дозасы Астанаға, 150 мың дозасы Шымкентке жеткізіледі.