Жаңалықтар

Тоқаев жарлыққа қол қойды: АЭС салуға қатысты республикалық референдумда қандай сұрақ қойылады?

республикалық референдумда
АЭС салу бойынша өтетін референдумға қандай сауал қойылатыны белгілі болды / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 6 қазанда АЭС салу бойынша республикалық референдумды өткiзу туралы жарлыққа қол қойды. Бұл жайлы Ақорданың ресми сайтында хабарланды.

«Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 10) тармақшасына және «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 18-бабына сәйкес 2024 жылғы 6 қазанда республикалық референдум өткізілсін»,- делінген құжатта.

Сонымен бірге, бұл құжатта АЭС салу бойынша өтетін референдумға «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» деген сауал шығарылатыны айтылған.

Ал референдумды ұйымдастыру мен өткiзу Референдумның орталық комиссиясының қызметін атқаратын Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына, сондай-ақ референдумның аумақтық және учаскелiк комиссияларының қызметiн атқаратын аумақтық және учаскелiк сайлау комиссияларына жүктеледі.

Президент Орталық сайлау комиссиясы мен Қазақстан Республикасының басқа да орталық мемлекеттік органдары мен жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп республикалық референдумды ұйымдастыру және өткізу бойынша қажетті шараларды қабылдауды тапсырған.

Жарлық қол қойылған күнінен бастап, яғни 2 қыркүйек күні күшіне енді.

Айта кетейік, дүйсенбі, 2 қыркүйекте президент Қасым-Жосмарт Тоқаев қазақстандықтарға жолдауында АЭС салуға қатысты референдумның 6 қазанда өтетінін мәлімдеді. Мемлекет басшысы әлемде энергия тапшылығы күшейіп бара жатқанына тоқталып, бұл мәселені атом энергетикасын дамыту арқылы шешуге болатынын атап өтті.