Жаңалықтар

Алматы облысының 4 тұрғыны «Сібір күйдіргісін» жұқтырды деген күдікпен ауруханаға түсті – әкімдік нақтылау үшін сынамалар алынғанын хабарлады

«Сібір күйдіргісі» адамнан-адамға жұқпайды / Фото: kursiv.media

Алматы облысы, Ұйғыр ауданының Үлкен Ақсу ауылында 4 адам «Сібір күйдіргісі» қауіпті инфекциясын жұқтырды деген күдік бар. Бұл жайлы Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«2024 жылғы 1 қыркүйекте Ұйғыр ауданының Үлкен Ақсу ауылдық округінде «Сібір күйдіргісін» жұқтырды деген күдік тудырған төрт жағдай тіркелді. Алдын ала мәліметтер бойынша  инфекция ауру малды сою кезінде жұққан болуы мүмкін», – делінген.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің Қауіпсіздік және ветеринариялық бақылау комитеті Алматы облысы аумақтық инспекциясының мәліметінше, ауыл азаматтары мал соятыны жайлы ветеринариялық қызметке хабарламаған. Аурудың нақты себептерін анықтау үшін ветеринариялық инспекция Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, полиция департаменті және облыс әкімдігімен бірлесіп науқастардың үйлерінен сойылған малдың шикізаты мен өнімдерінен, сондай-ақ сою орнындағы топырақтан сынамалар алған.

«Республикалық ветеринариялық зертхана алынған материалдарға биосынама микроскопиясы және полимеразды тізбекті реакция (ПТР) әдістерімен  зерттеу жүргізді. Бактериологиялық зерттеулердің нәтижелері жақын арада дайын болады деп күтілуде. Сонымен қатар талдау үшін материалдар Алматы қаласындағы Ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталыққа жіберілді», – деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта елдімекенде дезинфекциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал науқастардың жеке шаруашылықтары карантинге жабылған. Мамандар ауылдағы жануарларды күнделікті тексеруден өткізіп жатыр. Әзірге ветеринарлар аурудың клиникалық белгілерін анықтамаған.

Ветеринариялық бақылау комитетінің мәліметінше, 12 тамызда осы елдімекендегі жануарларға сібір күйдіргісіне қарсы вакцинация жасалған.

Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Алмат Тұрысбекұлы бұл аурудың тері түрі инфекцияның ең кең таралған түрі екенін және уақтылы емдеу кезінде қалпына келу мүмкіндігінің жоғары екенін айтады. Ал ауруханаға түскен науқастардың жағдайы орташа ауыр деп бағаланады.

«Сібір жарасы адамнан адамға жұқпайды. Инфекция – ауырған ауылшаруашылығы малдарынан ірі қара мен қой, ешкіден жұғады. Сібір жарасының қоздырғышы адам ағзасына негізінен зақымдалған тері, сирек жағдайда – тыныс алу жолдары мен асқазан-ішек жолдарының шырышты қабаты арқылы енеді. Инкубациялық кезең 2 күннен 14 күнге дейін», – дейді Тұрысбекұлы.

Сонымен бірге қазіргі уақытта Алматы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті инфекцияны жұқтыру қаупі бар адамдар тобын анықтаған. Олардың барлығы медициналық бақылауға алынған.

Жергілікті атқарушы органдар жедел штаб құрып, жағдайды бақылауды және  қадағалауды күшейтті. Аудандық полиция бөлімі етті және малды ауданнан тыс жерлерге әкетуге және басқа аудандардан әкелуге шектеу енгізген.