Қырғызстан өз аумағына визасыз кіретін шетел азаматтарын тіркеу тәртібін өзгертеді. Тиісті құжат 5 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі. Жаңа тәртіпке сәйкес, Қазақстан азаматтары Қырғыз Республикасының аумағына кірген күннен бастап белгілі бір мерзімге міндетті тіркеуден 30 күнге босатылады.
Қабылданған қаулыға сәйкес визасыз болу режимі бар елдердің азаматтарын тіркеу тәртібі өзгермек. Атап айтқанда, Ресей, Қазақстан, Тәжікстан, Армения, Беларусь, Грузия, Әзірбайжан, Молдова елдерінен кіретін азаматтар жаңа тәртіппен тіркеледі.
Бұрын Ресей Федерациясы, Қазақстан, Тәжікстан, Армения, Беларусь, Грузия, Әзірбайжан, Молдованың азаматтарын тіркеу одан әрі ұзарту құқығымен 6 айға бір-ақ жүргізілетін. Ал жаңа тәртіпке сәйкес Қырғыз Республикасының аумағында болу визасыз режимі бар елдердің азаматтарын тіркеу және тіркеу мерзімін ұзарту – ұзақ уақыт Қырғыз Республикасында болу құқығын беретін келесі құжаттар негізінде ғана жүзеге асырылады.
- тұруға рұқсат құжаты;
- азаматтығы жоқ адамның куәлігі;
- «Қайрылман» куәліктері;
- «Мекен-карта» сертификаттары.
Ал ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер – Армения, Беларусь, Қазақстан, Ресей азаматтары Қырғызстанда елге келген сәттен бастап әрбір 180 күндік кезеңде, құжатсыз жалпы саны 90 күнге дейін бола алады.
Тәжікстан, Грузия, Әзірбайжан және Молдова азаматтары елге келген сәттен бастап әрбір 120 күндік кезеңде құжатсыз, 60 күнге дейін бола алады.
Жаңа тәртіпке сәйкес, Қырғызстан аумағында 60 немесе 90 күн болған, тіркелмеген шетел азаматтары Қырғыз Республикасынан кетуі керек болады. Содан кейін, тек 60 немесе 90 күнтізбелік күннен кейін ғана, Қырғыз Республикасы аумағына қайта кіре алады.
Сонымен бірге аталмыш заңнамаға сәйкес, мына елдердің азаматтары Қырғыз Республикасының аумағына кірген күннен бастап белгілі бір мерзімге міндетті тіркеуден босатылады:
1) Ресей, Қазақстан, Беларусь, Армения – 30 күн;
2) Әзірбайжан – 15 күн;
3) Тәжікстан – 60 күн;
4) Грузия – 90 күн.
Ал Молдова азаматтары Қырғыз Республикасының аумағына кірген күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде тіркелуі керек.
Айта кетсек, Өзбекстан мен Қазақстан шекарасынан екі елдің азаматтары паспортсыз жеке куәлікпен өте алады. 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап қазақстандықтар өзбек-қырғыз шекарасынан ішкі құжат — жалпы азаматтық ID-карта көмегімен рәсімдей бастаған болатын.