Жаңалықтар

Lucent Petroleum Лебяжье кенішін игермек

Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Lucent Petroleum ЖШС Атырау және Маңғыстау облыстарында орналасқан Лебяжье кенішінен мұнай өндірмек. Кенішті игеру, көмірсутегін барлау және өндіру жұмыстарымен айналысуды жоспарлап отыр.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Геология комитеті кенішті пайдалану бойынша аталған жауапкершілігі шектеулі серіктестікке операция жасауға кен телімі берілген. 1999 жылы Lucent Petroleum көмірсутегін барлау және өндіру үшін кен пайдалану құқығын алған.

Десе де бұрын бұрғыланған ұңғымалардың барлығы Атырау облысының Жылыой ауданына қарайды. Он ұңғыма Атырау облысында орналасса, біреуі ғана Маңғыстау облысының жерінде.

Жобада Маңғыстау облысы Бейнеу ауданындағы №L-26 ұңғымасын 2031 жылы бұрғылау қарастырылып отыр. Кенішке жақын елдімекен – Атырау облысы Жылыой ауданындағы Майкөмген ауылынан 115 шақырым жерде орналасқан. Маңғыстау облысының Бейнеу ауданындағы Боранқұл ауылынан 108 шақырым жерде. Ал Ақтау қаласынан 500 шақырым қашықта.

Аудан орталығы Құлсары Лебяжьеден 80 шақырым жерде орналасқан. Құлсары мен Теңіз вахтасын жалғастырып жатқан асфальт жол мен теміржол арқылы қатынауға болады. Атырау қаласы болса, 320 шақырым жерде орналасқан.

Жоба шеңберінде 11 ұңғыма қазу, жойылған екі ұңғыманы қалпына келтіру және бір ұңғыманы қайта ашу жоспарланып отыр. Өндіруші ұңғымалардың жалпы саны – 13. Тағы бір ұңғыма су тарту үшін пайдаланбақ. Сонымен қатар Лебяжьеде вахта қалашығы орналаспақ.

Жоспарланған мерзім ішінде 947,3 мың мұнай өндіру жоспарланып отыр.

Жұмыс жүргізілетін аймақта ауыз су тапшы. Суды автоцистернамен тасымалдау немесе бөтелкедегі суды әкелу көзделген.  

Lucent Petroleum жетекшісі – Оңай Дәрен Арманұлы. Ол 1987 жылы туған. «Қазақстанның ипотекалық кредиттерге кепілдік беру қорының бұрынғы басқарма төрағасы. «ҚазМұнайГаз»,  «Қазкоммерцбанк» және  «Halyk Finance», «Байтерек» АҚ-да қызмет атқарған. «AIIur компаниялар тобының» директорлар кеңесінің мүшесі.