6 қарашаға белгіленген АЭС салуға қатысты референдум алдындағы үгіт-насихат науқаны сейсенбі, 3-қыркүйектен ресми түрде басталды. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы жанындағы референдум жөніндегі комиссия отырысы кезінде мәлім болды.
ОСК жанындағы референдум комиссиясы референдумда «Сіз Қазақстанда атом электр стансасын салуға келісесіз бе?» деген жалғыз сұрақ болатынын, оған тек қана «иә» немесе «жоқ» деп жауап берілетінін тағы да бір мәрте атап өтті.
«Референдумда осындай мазмұнда жалғыз сұрақ қойылса, онда не нәрсе үгіттеліп насихатталмақ?» деп сауал тастады, журналистер.
Референдум жөніндегі ОСК жанындағы комиссия мүшелері, «сұрақ бойынша үгіт-насихат болады» деп қысқа қайырды.
Жиында айтылған деректерге жүгінсек, қазір ел бойынша 10 327 сайлау учаскесі сақадай сай. Сайлау комиссиялары мүшелерінің саны – 79 049. Тіркелген жері бойынша – 9709 адам, уақытша болған жерлері бойынша – 618 адам дауыс бермек.
Ал, референдум кезінде қоғамдық пікірге сауалнама жүргізуге, сайлау учаскелеріне келген журналистердің санына, халықаралық және ұлттық бақылаушылардың жұмысы тәртібіне қатысты бірқатар өзгерістер енгізілді. Бұл туралы ОСК жанындағы референдум комиссиясының отырысы кезінде айтылды.
Шавхат Өтемісовтің айтуынша, қоғамдық пікірге сауалнама жүргізуге қатысты референдум туралы заң жаңа баппен толықтырылған. Бұдан былай кез келген тұлға өзгелерден қалай дауыс бергені туралы пікірлерін ашық сұрай алмайды. Бұл ең алдымен бұқаралық ақпарат құралдарына, коммерциялық емес ұйымдарға қатысты. Ол үшін сауалнама жүргізген заңды тұлғаны, сауал салуға тапсырыс берген және оған ақы төлеген адамдарды, сауалнама жүргізу уақытын, ақпарат жинау әдісін, сұрақтың нақты тұжырымын, сұралғандардың санын және сауал салудағы қателесу коэффициентін көрсетуге міндеттеліп отыр.
«Сауалнама жүргізу бойынша кемінде бес жыл тәжірибесі бар заңды тұлғалар, тиісті құжаттардың көшірмелерін қоса беріп, ОСК жанындағы референдум комиссиясына жазбаша түрде алдын ала хабарлама бере отырып, жүргізуге құқылы. Орталық сайлау комиссиясына жіберілетін хабарламада сауал алуды жүргізуге қатысқан, осы салада жұмыс тәжірибесі бар мамандар туралы, қолданылатын талдау әдістері туралы мәліметтер көрсетіледі», – деді Шавхат Өтемісов.
Журналистерге қойылатын талаптар да қатаңдана түскен. Бұқаралық ақпарат құралдарынан бір өкілден, телеарналар үшін үш өкілден аспауы керек.
ОСК жанындағы референдум комиссиясы осыған дейін ұлттық байқаушылардың да, халықаралық байқаушылардың да «құқықтары мен міндеттеріне қатысты мәселе регламенттелмегенін», «бірыңғай тәжірибе мақсатында олардың қызметіне қатысты ережелерге өзгерістер енгізілгенін» алға тартып отыр. Қоғамдық бірлестіктердің, коммерциялық емес ұйымдардың бақылаушыларын аккредиттеу тәртібі бекітілген. Бірақ оның егжей-тегжейі ашық айтылмады.