Отандық кинопрокат: қыркүйек айында кинотеатрдан қандай фильмдер көрсетіледі?

Жарияланды 3 Қыркүйек 2024 21:35

(жаңартылды 4 Қыркүйек 2024 09:42)
Айшолпан Керім

Айшолпан Керім

Отандық кинопрокат қыркүйекте не ұсынады? / фото kursiv.media

Күзгі кинопрокатқа ұсынылған фильмдер баршылық. Қыркүйекте көрермен шетелдік туындылармен қатар, көптеген қазақстандық кинопремьераға куә болады. Бүгінгі материалымызда осы айда шығатын фильмдер тізімін әзірледік.

«Стоп, ночь!» – 5 қыркүйек

Күздің алғашқы айының бірінші бейсенбісінен бастап еліміздің барлық кинотеатрынан отандық «Стоп, ночь!» фильмі көрсетіледі. Режиссері – Фархат Шәріпов. Драмада Бейбіт деген жас музыканттың хикаясы баяндалады. Фильм желісіне сай басты кейіпкер шығармашылық пен отбасылық өмірді, әкелік міндетін қатар алып жүруге тырысып, орта жолды іздейді. Бейбіт Джулия есімді биші қызды кездестіргенге дейін бірқалыпты өмір сүріп жүрген еді. Алайда уақыт өте Джулия Бейбітке ғашық болып қалады. Бұл – Алматыда өрбіген махаббат хикаясы, достық пен өмірден өз орныңды табуға деген талпыныс жайлы фильм.

«Көке» – 5 қыркүйек

5 қыркүйек күні прокатқа шығатын тағы бір отандық фильм «Көке» деп аталады. Режиссері – Асылжан Абдумуталиев. Бұл – үнемі жолы болмайтын, кейін жергілікті беделді адамның арқасында әкім болып сайланатын Селбек деген адам жайлы фильм. Сюжет бойынша, Дөкей күтпеген жерден жансақтау бөліміне түсіп қалған соң, Селбек оның жерлеу рәсімі есебінен ақша тапқысы келеді. Комедия жанрында түсірілген фильм осы оқиғалар тізбегіне негізделген. Фильмде Дулыға Ақмолда, Тұңғышбай Жаманқұлов, Баян Алагөзова, Айгүл Иманбаева, Аман Ғұмаров, Дәулет Исраил, Ержан Түсіпов ойнайды.

«София» – 12 қыркүйек

Режиссері – Төлепберген Байсақалов. Фильмде София есімді сұлу бойжеткеннің хикаясы баяндалады. Ол Хүсейн деген бай әрі отбасылы жігітпен кездесе бастайды. Алайда София оның үйленген адам екенінен бейхабар. Хүсейннің жары құпияны біліп қойған күні Софияның өмірі күрт өзгереді. 

«Моя половина. Үйлену оңай, үй болу қиын» – 19 қыркүйек

Режиссер Ақан Сатаевтың фильмі. Бұл – ажырасса да, бір шатыр астында тұрып жатқан бұрынғы ғашықтардың хикаясы. Екі ересек адам қиындықтарды еңсеріп, қайта үйлесім тауып, жарасып кете ала ма? Фильм көрермені осы сұраққа жауап ала алады. Басты рөлдерді Дастен Шәкіров, Альмира Тұрсын сомдайды.

«Менің папам тигр» – 26 қыркүйек

Режиссері – Ернар Нұрғалиев. Бұл – өз-өзіне сенімсіз әрі жолы болмайтын Амантай деген жігіт туралы трагикомедия. Ол 36-ға келгенде Урбах-Вите синдромы – сирек кездесетін генетикалық бас миы ауруы асқына бастайды. Аурудың әсерінен ол қорқыныш дегенді мүлдем ұмытады. Осының арқасында өткізіп алған уақыттың есесін толтырып, отбасында әкелік беделін арттыруды ұйғарады. Ал отбасы оны көптен сыйламайтын болған. Комедиялық туындыдағы басты кейіпкерді Жанболат Найзабеков сомдайды. Отандық кинопрокат көрермендерін жалықтырмайтыны анық.

Сондай-ақ оқыңыз