Жаңалықтар

Моңғолия халықаралық қылмыстық соттың ордері бойынша Путинді неге тұтқындамағанын түсіндірді

Моңғолия Путинді қамауға алмады/ фото kremlin.ru

Моңғолия Владимир Путинді халықаралық қылмыстық соттың санкциясымен қамауға алған жоқ. Оның себебін ел билігі Путинді еліне шығарып салған соң түсіндірді. Ұлан- Батыр дипломатиялық қарым-қатынаста бейтарап саясат ұстанады. Оған қоса Моңғолия көрші елдердегі қуат көзіне тәуелді екенін жасырмады.

 «Моңғолия мұнай өнімдерінің 95%-ын және электр қуатының 20 %-дан астамын көршілес елдерден импорттайды. Бұл жеткізілімдер біздің өмір сүруіміз бен халқымыздың өмір сүруін қамтамасыз ету үшін өте маңызды», – деді Politico-ға мән-жайды баяндаған Моңғолия үкіметінің өкілі.

Ресей мен Қытайдың арасында тұрған Моңғолияны энергетика саласындағы байланыс осындай шешім қабылдауына себепші болған.  

«Моңғолия өзінің барлық дипломатиялық қарым-қатынасында әрқашан бейтарап саясат ұстанып келеді, бұған біздің ресми мәлімдемелеріміз дәлел», – деп нақтылады сөзін үкімет өкілі.

Ресей президенті Владимир Путин Моңғолияға ресми сапармен келді. Моңғолия – Рим статутына қол қойған және бұған дейін халықаралық қылмыстық соттың мәртебесін мойындаған елдердің бірі. ХҚС Ресей басшысын Украинаға басып кірген кезде әскери қылмыс жасады деген күдікпен қамауға алуға ордер берген.

Путиннің ұшағы дүйсенбі, 2 қыркүйек күні кешке Ұлан-Батырға қонды. Бірақ ешкім оны қамауға алған жоқ, Ресей Федерациясының басшысына қызыл кілем төселіп, екі жағында құрметті қарауыл сап түзеп тұрды.