2021 жылдан бері 400 млрд теңгеге төрт жүзге тарта мемлекеттік нысан жекенің қолына өтті. Сатуға қойылғаны қанша?

Жарияланды (жаңартылды )
Мемлекеттік меншік есебіндегі қанша компания сатылымға шықты / фото: shutterstock

Қаржы министрлігі 2021 жылдан бері жекешелендіруге жататын мемлекеттік меншіктегі нысандардың тізіміне енгізілген өзгерістер жөнінде деректерді жариялады.

Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында 637 мемлекеттік меншік және квазимемлекеттік сектор объектісі бар. Оның ішінде бесеуі республикалық, 219-ы коммуналдық меншікте болса, 265-сі ұлттық холдингтер мен компанияларға тиесілі. Ал 148 нысан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар қарамағында.

Жаңа өзгеріске сай «Қазақтелеком» АҚ және оның еншілес ұйымдары «Нұрсат+» ЖШС және «КТ-АйИкс» ЖШҚ жоспардан алынып тасталынды. Есесіне «Самұрық-Қазына» қорына қарасты «Жолаушылар вагондарын салу зауыты» ЖШС, «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС,  «GPC Investment» ЖШС, «Қазақстан инжиниринг» компаниясына тиесілі болған «Зенит» Орал зауыты» ЖШС жекешелендіру жоспарына енгізілді. «Самұрық-Қазынаның» «Тұлпар» вагон құрастыру зауыты да жеке секторға өтуден аман қалды.

Кешенді жоспарға мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілді:

1) 2021 жылғы 13 наурыздағы № 133 ҚРҮК сәйкес «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ның («Қазақтелеком» АҚ және оның еншілес ұйымдары «Нұрсат+» ЖШС және «КТ-АйИкс»ЖШҚ)3 объектісі алып тасталды;

2) 2021 жылғы 24 желтоқсандағы № 934 ҚРҮП-ға сәйкес 15 объект алып тасталды (Алматы қаласының 6 коммуналдық меншік объектісі және «Самұрық-Қазына»ҰӘҚ» АҚ-ның 9 объектісі бас компаниялардың периметрінен); 3 объект («Astana» ӘКК-нің 1 объектісі және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ның 2 объектісі) енгізілді;

3) 2022 жылғы 2 тамыздағы № 523 ҚРКБ-ға сәйкес 217 әлеуметтік маңызы бар, оның ішінде стратегиялық маңызы бар объектілер алып тасталды және 171 объект (ҚРҚА (11) және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ (160) ұсыныстары бойынша) енгізілді;

4) 2022 жылғы 7 желтоқсандағы № 989 ҚРҮП сәйкес-«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ның 1 объектісі («Тұлпар» вагон құрастыру зауыты» ЖШС) алып тасталды және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ның 1 объектісі («Жолаушылар вагондарын салу зауыты» ЖШС) қосылды;

5) ҚРК 2023 жылғы 28 ақпандағы № 165 сәйкес – республикалық меншіктің (1), коммуналдық меншіктің (3), ӘКК (2) 6 объектісі алып тасталды;

6) 2023 жылғы 1 шілдедегі № 535 ҚРҮП – ға сәйкес-республикалық меншіктің (1), коммуналдық меншіктің (8), ӘКК-нің (2) 11 объектісі алып тасталды;

7) 2023 жылғы 8 желтоқсандағы № 1093 ҚРҮК сәйкес-Шымкент қаласының 1 коммуналдық меншік объектісі алып тасталды;

8) 2024 жылғы 11 қаңтардағы № 4 ҚРК-ға сәйкес-«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ның («ҚазМұнайГаз-Сервис NS» АҚ)1 объектісі алып тасталды және «Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ-ның («East coppe»ЖШС) 1 объектісі қосылды;

9) 2024 жылғы 11 наурыздағы № 158 ҚРҮК сәйкес – коммуналдық меншіктің 23 объектісі (19) және ӘКК (4)алып тасталды және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ 1 объектісі («Мобайл Телеком-Сервис»ЖШС) қосылды;

10) 2024 жылғы 25 маусымдағы № 498 ҚРҮК сәйкес – «Қазақстан инжиниринг»ҰК» АҚ («Зенит» Орал зауыты» АҚ) 1 объектісі қосылды.

11) 2024 жылғы 15 тамыздағы № 658 ҚРҮК сәйкес – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ның 1 объектісі («GPC Investment» ЖШС) енгізілген.

67 нысан қайта таратылған

2024 жылдың 20 тамызындағы жағдай бойынша Мемлекеттік мүлік тізілімі веб-порталында кешенді жоспардың орындылуына қатысты мынадай деректер жарияланған:

  • 399 700 000 000 теңге сомаға 385 нысан бәсеке ортаға берілді: 6,4 млрд теңге сомаға 3 республикалық меншік, 9,5 млрд теңге сомаға 144 коммуналдық меншік объектісі, 382,5 млрд теңге сомасына 127 ұлттық холдингтер мен компаниялар объектісі («ҚазМұнайГаз»ҰК АҚ IPO/ SPO, «Эйр Астана» АҚ және «KEGOC» АҚ қоса алғанда), 1,3 млрд теңге сомасына 111 ӘКК объектісі;
  • 67 нысан қайта ұйымдастыруға/таратуға бағытталған;
  • 22 нысан сауда-саттықта;
  • 163 нысан сатылымға дейінгі дайындықта.

Мемлекеттік меншік есебіндегі нысандарды жекешелендіру жиі талқыланады

Мамыр айында Президент «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» жарлыққа қол қойды. Соған сәйкес Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің жанынан жекешелендіру жөніндегі ұлттық офис құрылатыны белгілі болды. Жекешелендіру жөніндегі ұлттық кеңсенің бірінші отырысында 2024-2028 жылдарға арналған жекешелендірудің стратегиялық бағыттары мен тәсілдері бекітілді.

Биыл Ұлттық экономика министрлігі 2021 – 2025 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарына нысандар тізімін енгізу/шығару әдістемесін әзірледі. Мұнда негізі төрт бағыт нақтыланды.

Жуырда Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі күкірт қышқылын сату нарығындағы бәсекелестіктің жағдайына талдау жасады. Соның негізінде жекешелендіру бойынша Ұлттық кеңсе аясында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның күкірт қышқылы зауыттарын бәсекелестік ортаға беру мәселесі қаралуда.

Мемлекет «түсінбей отырған» проблемалар да жеткілікті

Қазақстанда 20 триллион теңге қарызы қордаланған, мемлекеттің қарамағына алынған 6,3 мың кәсіпорын бар. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Рустам Ахметов осыған байланысты мәселелер барын түсіндірген. Оның айтуынша, жекешелендірудің кешенді жоспарының орындалу көрсеткіші жақсы. Алайда активтерді іріктеудегі барлық мәселе әлі күнге дейін мемлекеттің қай кезде кәсіпкер ретінде шешім қабылдауы керек екенін түсінбеуінен туындауда.

«Жекешелендірудің қалдық принципі бойынша» мемлекетке де қызық емес, инвесторларға да тартымсыз  кәсіпорындар сатылымға шығарылған. Мемлекет кәсіпорындарды жеке инвесторларға сатуға тырысқанымен, олардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасамаған. Инвесторларға коммерциялық немесе рентабельді емес активтерді, әлеуметтік қызмет көрсететін немесе мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейтін кәсіпорындарды сатқан.

Сондай-ақ оқыңыз