Сотталған мүгедектерге жасалған жағдай халықаралық стандарт талабына сай емес — Адам құқықтары жөніндегі уәкіл

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Қазақстанда түзеу мекемесінде 763 мүмкіндігі шектеулі адам жазасын өтеп жатыр / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан мүмкіндігі шектеулі жандарға жасалған жағдай халықаралық стандарттарға толық сәйкес келмейді. Елдегі түзеу колонияларын аралап шыққан адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев осындай мәлімдеме жасады. Сол себепті колонияларда мүгедектерге жағдай жасау қажет екенін айтып отыр.

Артур Ластаевтың айтуынша, бүгінде темір тордың ар жағында мүмкіндігі шектеулі 763 адам жазасын өтеп жатыр. Оның 732-сі ерлер болса, 31-і әйелдер. Алайда түзеу мекемелеріндегі жағдай тіпті ең төменгі халықаралық стандарттарға сәйкес келмейді. Жыл басынан бері 6 облыстағы 7 колонияны аралап шыққан омбудсмен осындай тұжырым жасағанын айтады.

«Бүгінде соңғы мәліметтер бойынша түзеу мекемелерінде 700-ден астам мүмкіндігі шектеулі адам жазасын өтеп жатыр. Әрине, олар ерекше жағдайларды талап етеді және түзеу мекемелері мұны ескеруі керек. Оларға лайықты жағдай жасау – заң талабы ғана емес, біздің адамгершілік парызымыз. Осы адамдардың құқықтарын қамтамасыз ете отырып, қоғамымызда әділдік пен адамгершілік қағидаттарын нығайтып, әрбір адам қандай жағдайда болғанына қарамастан құрметке лайық»,  –деді Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев.

Омбудсмен Үкіметке түрлі санаттағы сотталғандарды орналастыра алатын заманауи көпсалалы аралас режимдегі колониялар құру туралы ұсыныс жасағанын айтады. Бұл бастама жүзеге асса, қылмыстық атқару жүйесі қызметкерлерінің де, сотталғандардың да көп мәселесі шешілер еді деп отыр.

Қазақстан түрмелерінде азаптау және өзге де қатыгездік түрлеріне қатысты процестерге алқабилерді қатыстыру жоспарланып отыр. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаевтың айтуынша, Қазақстанда 2025 жылы сотталғандардың шартты түрде мерзімінен бұрын босату және жазаны жеңілдетілген түрге ауыстыру, түрмелерде азаптау және қатыгездіктің өзге де түрлеріне қатысты өтініштерін қарау процесіне алқабилерді енгізуді көздейтін пилоттық жүйе іске асырылады.

Сондай-ақ оқыңыз