Орталық сайлау комиссиясы АЭС бойынша референдум өткізуге бюджеттен 15,5 млрд теңге сұрап отыр

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Орталық сайлау комиссиясы референдум шығыны бойынша болжамды смета әзірледі / Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

Елімізде 6 қазанда өтетін АЭС құрылысы бойынша референдум өткізуге қанша қаражат жұмсалатыны белгілі болды. Жалпыхалықтық референдум шығыны алдын ала болжам бойынша 15,5 млрд теңгені құрайды. Бұл жайында Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафина мәлім етті.

Орталық сайлау комиссиясы шығындардың болжамды сметасын әзірлеп, Үкімет қарауына ұсынған.   

«Республикалық референдум туралы Конституциялық заңға сәйкес, Орталық референдум комиссиясы шығын сметасын әзірлеп, Үкіметтің қарауына жібереміз.  Бүгін таңертең оны жасадық. Біздің болжамды сметаға сәйкес, шығындардың жалпы сомасы 15,5 млрд теңгені құрайды», — деді Мұстафина.

Комиссия мүшесінің айтуынша, бюджеттен кететін бұл шығынға 63 мемлекетте орналасқан 78 шетелдік сайлау учаскелерінде ұйымдастыру жұмыстары кіреді.

Сәбила Мұстафина барлық деңгейдегі комиссия мүшелеріне жалпы соманың 71 %-ы еңбекақы ретінде төленетінін атап өтті.

Референдумда үнемделген қаржы бюджетке қайтарыла ма?

Ал ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров референдум өткізуден артылған қаржы бюджетке қайтарылатынын айтады.

«Бұл қаржы тиімді жұмсалуы үшін ОСК жанындағы референдум комиссиясы әрбір теңгені мұқият және сапалы жұмсауы тиіс. Әрбір сайлау немесе референдум өткеннен кейін, тиісті есепті береміз. Қалыптасқан тәжірибемізге қарай айта алатыным, Орталық сайлау комиссиясы әрдайым миллиондаған, жүздеген миллион, тіпті кейбір сайлаулардан кейін 1 млрд  ақшаны бюджетке қайтарады«, деп мәлім етті ОСК төрағасы.

Айта кетейік, АЭС салуға қатысты референдум 6 қазан күні өтеді. Бұл жайында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында мәлімдеді. Тиісті жарлыққа 2 қыркүйек күні қол қойды.

Сонымен бірге бұл құжатта АЭС салу бойынша өтетін референдумға «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» деген сауал шығарылатыны айтылған.

Ал референдумды ұйымдастыру мен өткiзу референдумның орталық комиссиясының қызметін атқаратын Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына, сондай-ақ референдумның аумақтық және учаскелiк комиссияларының қызметiн атқаратын аумақтық және учаскелiк сайлау комиссияларына жүктелген.

Еске сала кетсек, 27 тамыз күні Бектенов министрлер кабинетіне АЭС салу бойынша референдум өткізу үшін жарлық жобасын әзірлеп, президентке ұсынуды тапсырған болатын. Үкімет басшысы атом энергетикасын дамыту ел үшін болашағы өте зор бағыт екенін атап өтті

Сондай-ақ оқыңыз