Қор нарығына шолу: АҚШ-та акциялар тағы құлдырай бастады, Қытай чиптерге инвестиция салып жатыр, мұнай бағасы теңселіп тұр
Уолл-стритте тағы да жаппай сатылым басталды. АҚШ экономикасының құлдырау қаупінің күшеюіне байланысты негізгі индекстер төмендеді. Сонымен қатар Brent мұнайының бағасы барреліне 75 доллардан төмен түсіп, 2024 жылғы өсімнің барлығы көзден бұл-бұл ұшты. Осы және өзге де тақырыптар туралы 3 қыркүйектегі шолудан оқыңыз.
Сейсенбі күні америкалық қор индекстері айтарлықтай төмендеді
АҚШ-тағы акциялар технологиялық сектордағы проблемалар мен жаңа экономикалық деректерден кейін құлдырады. Бұл экономиканың жай-күйіне қатысты алаңдаушылықты тағы да күшейтіп жіберді. Nasdaq кеше 3,26%, S&P 500 2,12%, Dow 1,51% жоғалтты. Nvidia акциялары айтарлықтай арзандады (-9,5%). Бұл тұтас нарықтың жағдайынан хабар бергендей болды.
АҚШ-тың өңдеу өнеркәсібіндегі іскерлік белсенділік индексінің ISM Manufacturing PMI және S&P Manufacturing PMI көрсеткіштері жарияланғаннан кейін, инвесторлардың көңіл-күйіне де кірбің түсті. Көрсеткіштер тамыз айының қорытындысы бойынша тиісінше 47,2-і (бұрын 46,8) және 47,9-ды (бұрын 49,6) құрады. Бұл деректер АҚШ экономикасының өсуінің баяулауына қатысты алаңдаушылықты күшейтті.
«Нарық кез келген деректерге «зілдене» жауап беріп жатыр», – деп атап өтті Blue chip Trend Report бас технологиялық стратегі Ларри Тентарелли. Енді жұма күні АҚШ үкіметінің тамыз айындағы жұмыспен қамту туралы есебі жарияланбақ деп жазды CNBC.
АҚШ-тың биржалық қорлары қолма-қол ақшаның рекордтық мөлшерін тартып жатыр
Тамыз айында АҚШ-тың биржалық қорлары 75 млрд доллар тартты. Бұл – рекордтық сома. Көрсеткіш 2023 жылдың сәйкес кезеңінен бес есе асып түсті. Шілде айында қорлар 122 млрд доллар тартқан болатын. Bloomberg бұл нарықты бақылау тарихындағы екінші ең үлкен айлық кіріс деп жазды.
Бұл Уолл-стриттегі активтер арасындағы үлкен ағындарды көрсетеді. Алдағы бірнеше ай ФРЖ-ның күтіліп отырған жұмсартуы мен АҚШ президенттік сайлауына байланысты одан да көп құбылмалылықты уәде етеді. Бұл үдеріс бөлшек инвесторлар акциялардың раллиіне назар аудартып, ETF-тің барлық түрін қолданатын уақытта институционалдық менеджерлер арасында қаражаттың жаңа бөлінуіне әкелуі мүмкін.
2024 жылдың басынан бері АҚШ-тағы ETF 609 млрд доллар табыс тапты. Жалпы олар кейінгі екі жылдың әрқайсысының көрсеткіштерінен асып түсті. Сонымен қатар мәндер 2021 жылы төмен ставкалар кезеңінде ETF алған рекордтық сомаға – 911 млрд долларға жақындады.
Биыл технологиялық қорлар бигтех акцияларының күрт өсуі арқылы қолма-қол ақша жинап жатыр және басқа секторларға инвестицияларды бөлу жалпы нарық бойынша рекордтық деңгейге жетуге көмектеседі деп есептейді Strategas.
Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 75 доллардан төмен түсті
Bloomberg Brent маркалы мұнай 2024 жылғы барлық өсімінен айырылып, төмендеуін жалғастырып жатқанын жазды. Инвесторлардың әлемдегі екі ірі экономикадағы сұранысқа қатысты алаңдаушылығы геосаяси тәуекелдердің артуын күшейте тсүті. Аптаның басында баррель құны 75 доллардан төмендеді. Бұл – 2023 жылдың желтоқсанынан бергі ең төменгі баға.
ОПЕК+ бірнеше апта ішінде күнделікті жеткізілімдерді 180 мың баррельге арттыруды жоспарлап отырғандықтан, құлдырау жалғасуы мүмкін. Трейдерлер әлемдегі өнеркәсіптік өндіріс қарқынының төмендеуіне байланысты елдер өсіп келе жатқан көлемді сіңіре алмайды деп ойласа да, жеткізілім артады. Ең бастысы, олар Қытайдың әлсіздігі мен АҚШ-тағы рецессияға алаңдайды.
Қытай чиптерге 50 млрд доллар жұмсамақшы
Қытай 2024 жылдың соңына дейін чип шығаратын жабдықты сатып алуға 50 млрд доллар жұмсауды жоспарлап отыр деп хабарлады Asia Financial. Аспан асты елі АҚШ санкцияларына қарсы тұру туралы шешім қабылдағаннан кейін, SEMI салалық лоббиінің бағалары пайда болды. Еске сала кетейік, Америка Қытайды чип өндірісінен алыстатуға тырысты.
Nikkei биыл Аспан асты елі жартылай өткізгіш жабдыққа рекордтық сома – 25 млрд доллар жұмсады деп хабарлады. Аталған сома сол кезеңдегі Оңтүстік Корея, Тайвань және АҚШ-тың осы мақсаттарға жұмсаған жиынтық шығындарынан асып түсті. 2023 жылы Қытай чип өндіруге арналған жабдыққа шамамен 37 млрд доллар жұмсады делінген SEMI есебінде. Бұл жабдықтың осы түрін әлем бойынша сатып алудың 34%-дан астамына тең.
Шығындардың үлкен серпілісі Бейжіңнің жартылай өткізгіштерге инвестиция салудың ауқымды стратегиясына сәйкес келеді. Бұл технология келесі жылға қарай өзін-өзі қамтамасыз етудің 70%-ына қол жеткізуге тырысады. Мамыр айында Қытай чип индустриясын дамыту үшін 47,5 млрд долларға қор құрды. Бұл Қытайдың интегралды микросхемалар индустриясының инвестициялық қоры сынды үшінші қор болмақ және оның құны алғашқы екі чип қорынан көп болады.
Бұл салаға инвестициялардың артуы Қытайдың жартылай өткізгіш қуаттылығының әлемдегі ең ірі келісімшарттық чип өндірушісі TSMC-тен үш жылға ғана артта қалып келе жатқанын көрсетті.
Moody’s қайта сақтандыру нарығына қатысты болжамын арттырады
Moody’s-тің пікірінше, сақтандырушылардың өздерін сақтандырумен айналысатын компаниялар өздерін жақсы сезінеді. Рейтингтік агенттік сектор бойынша болжамды «тұрақтыдан» «оңға» көтерді. Reuters атап өткендей, бұл жоғары бағалар мен қайта сақтандырушылардың шектеулі саясатына, сондай-ақ жоғары инвестициялық табысқа байланысты.
Сектор COVID-19 пандемиясынан, соғыстардан және табиғи апаттардан болған күрт шығындардан қалпына келу үстінде. «Біз мүлікті қайта сақтандыру бағасы қолайлы болады деп күтеміз. Сенімді баланстар қайта сақтандырушыларға табиғи апаттардың ықтимал жоғары шығындарына төтеп беруге көмектеседі», – деді Moody’s аға несие директоры Брэндан Холмс.
Бірақ Moody’s келесі жылы қайта сақтандыру қызметтері бағасының өсуі баяулайтынын ескертеді. Сонымен қатар S&P Global әлемдік қайта сақтандырушылар бойынша «тұрақты» болжамды сақтайды. Әлемдік қайта сақтандыру индустриясы төрт жылда алғаш рет 2023 жылы капитал құнын төмендетті. Бірақ рейтингтік агенттік бұл сала 2024 және 2025 жылдары капиталды қайтадан көтереді деп күтеді.