Жаңалықтар

Nvidia бір күнде АҚШ нарығы тарихындағы капиталдандырудың ең үлкен құлдырауын бастан өткерді

Акциялар неге құлдырады? / Фото: Nvidia

Жасанды интеллектіге арналған чиптерді өндіретін Nvidia сейсенбі, 3 қыркүйекте нарықтық құнының 9,5%-ын жоғалтты. Яғни 278,9 млрд доллардан айырылды. Бұл америкалық компаниялар арасындағы капиталдандырудың ең үлкен бір күндік құлдырауы ретінде тарихқа енді деп жазды The Wall Street Journal. Ал Nvidia басшысы Дженсен Хуангтың байлығы бірден 10 млрд долларға қысқарып, 94,9 млрд долларды құрады. Бұл да антирекорд. Nvidia-дан кейін басқа чипмейкерлердің бағалары да құлдырады.

Толығырақ

Nvidia акциялары сейсенбі, 3 қыркүйекте 9,53%-ға – 108 доллар белгісіне дейін құлдырады. Dow Jones Market Data мәліметтері бойынша, ЖИ чиптерін өндіруші компания 278,9 млрд доллар көлеміндегі нарықтық құнынан айырылды. Бұл – америкалық бағалы қағаздар биржасы тарихындағы ең үлкен капиталдандыру шығыны, деп хабарлады The Wall Street Journal.

Постмаркетте компанияның қағаздары тағы 2,41%-ға – 105,4 долларға дейін төмендеді. Өйткені АҚШ Әділет министрлігі монополияға қарсы заңнаманы бұзғаны туралы дәлелдер алу үшін Nvidia және басқа да чип өндірушілерге шақыру жолдағаны белгілі болды деп хабарлады Bloomberg тергеу барысымен таныс дереккөздерге сілтеме жасап. Олардың айтуынша, реттеуші Nvidia тұтынушылардың басқа жеткізушілерге ауысуын қиындатады әрі өз чиптерінен басқаны пайдаланатындарды жазалайды деп алаңдаулы.

Ең үлкен чипмейкерден кейін басқа жартылай өткізгіш компаниялардың бағалары да төмендеді. AMD акциялары 7,8%-ға, Broadcom – 6,2%-ға, Qualcomm – 6,9%-ға, TSMC – 4,8%-ға, Applied Materials 7%-ға арзандады, ал On Semiconductor, KLA және Monolithic Power Systems 9%-дан астам деңгейге құлдырады. Intel бір күнде капиталдандырудың 8,8%-ын жоғалтты. Ал Reuters-тің болжамынша, компания Dow Jones Industrial Average «көгілдір фишкалар» индексінен шығып қалуы да мүмкін. Өйткені компания дивидендтер төлеуден бас тартты әрі жыл басынан бері капиталдандырудың 60%-ын жоғалтты.

PHLX жартылай өткізгіштік индексі 3 қыркүйекте 7,8%-ға төмендеді. Бұл 2020 жылдың наурызынан бергі ең үлкен құлдырау, деп атап өтті Bloomberg. Nasdaq Composite 3,26%-ға, ал DJI 1,5%-ға кеміді.

Акциялар неге құлдырады?

АҚШ-тың қор нарығындағы акциялар бірнеше факторға, соның ішінде елдегі өндірістік белсенділіктің әлсіз деректеріне байланысты төмендей бастады. Жеткізуді басқару институтының (ISM) тамыз айындағы есебіне сәйкес, өнеркәсіптегі іскерлік белсенділік индексі (PMI) 47,2%-ды құрады. Индекстің 50%-дан төмен түсуі секторда жалғасып келе жатқан құлдырауды көрсетеді. Сонымен қатар баға индексінің өсуі тіркелді. Бұл инфляцияның ықтимал үдеуіне байланысты алаңдаушылық туғызды. Аталған деректер Қытайдағы тауарға сұраныстың баяулауы туралы алаңдаушылықпен бірге нарықтардағы, әсіресе жоғары технологиялық сектордағы сатылымдарды күшейтті деп жазды Bloomberg.

UBS Securities мәліметтері бойынша, шілдеде әлемдегі жартылай өткізгіштердің жалпы сатылымы маусыммен салыстырғанда 11,1%-ға төмендеді. Әрі бес және он жылдағы орташа көрсеткіштерден төмен болды. Reuters бұл негізінен жад микросхемалары сатылымының төмендеуіне жол ашты деп атап өтті.

Сарапшылардың әлемдік экономиканың пайда болуы мен қайта құрылуы инвесторлар қалағандай жылдам емес екені туралы ескертулері технологиялық сектордағы құлдыраудың катализаторы болды. Бұл жартылай өткізгіш компаниялардың қағаздарын біршама жоғары бағалауға мүмкіндік береді. JPMorgan Asset Management стратегі Майкл Чембалест «технологиялық сектордан тыс» компаниялар тарапынан оған сұраныс өсе бастаса, ЖИ шығындары ақталмайтынын ескертті. BlackRock Investment басшысы Жан Буавеннің айтуынша, бұған «шыдамдылық қажет, әрі бұл тоқсандарға емес жылдарға жалғасатын үдеріс».

Сейсенбі, 3 қыркүйекте Alphabet, Microsoft және Apple қағаздары да төмендеді. Олар кем дегенде 1,9% жоғалтты. Өйткені шығындар ЖИ арқылы экономиканы өзгертуге ұмтылатын ірі технологиялық компанияларды да шарпыды деп атап өтті басылым.

«Өнімді бір-бірінен сатып алатын ірі технологиялық компанияларды қоспағанда, біз ЖИ-дің тұтас экономикаға таралуын көріп отырған жоқпыз. Осы шығындардың кірістілігі туралы әлі де үлкен сұрақ бар. Егер дотком дәуірін еске түсірсек, интернетті таратудың алғашқы бенефициарлары әрдайым жеңіске жете бермейді. Біз бұл құлдырауды өтей алатын деңгейге әлі жеткен жоқпыз», – деді Murphy & Sylvest Wealth Management-тің нарық бойынша стратегі Пол Нолти Bloomberg-ке.

Акциялардың жайы

Nvidia-ның тоқсандық есебінен бері күшті, бірақ инвесторлардың үкілі үмітін ақтамаған үш сауда сессиясында компанияның қағаздары 14%-ға төмендеді. Жыл басынан бері Nvidia акциялары 118%-ға нығайды. Екінші қаржылық тоқсанда чипмейкердің капиталдандыруы 3 трлн доллардан асып, сейсенбі күні, 3 қыркүйекте 2,65 трлн долларға дейін кеміді.

MarketWatch мәліметтері бойынша, Nvidia-ның динамикасын бақылайтын 61 сарапшының басым бөлігі оның акцияларын сатып алуды және тек төртеуі ұстауды ұсынып отыр. Сатуға қатысты ұсыныс жоқ. Уолл-стриттің консенсус бағасы 149,3 долларға тең, бұл 38% өсімді білдіреді.