Жаңалықтар

Қазақстанға ешқандай санкция қаупі төніп тұрған жоқ – Шаққалиев

Министр санкция қаупі бар-жоғын айтты / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, қазіргі кезде Қазақстанға ешқандай санкция қаупі төніп тұрған жоқ. Бұл туралы министр Мәжіліс отырысынан кейінгі брифингте мәлімдеді.

Брифингте журналистер министрден сакция мәселесіне қатысты ойын сұрады.

«Бізде ешқандай санкция жоқ. Сіздерге нақты және ашық айтамын. Бізде тек экспорттық бақылау бар», – деді министр.

Ресми дерек бойынша, 2024 жылдың І жартыжылдығында Қазақстанның жалпы сауда айналымы 2%-ға төмендеді. Оның ішінде экспорт 18%-ға артқан.

Министр Шаққалиевтің айтуынша, Ресейден келетін импорт көрсеткіші де төмендеген. Қазіргі кезде Қазақстанмен сауда айналымында Қытай бірінші орынға шықса, Ресей екінші орында тұр.

Бұған дейін премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің Bloomberg басылымымен болған сұхбатында Қазақстан Батыс елдерінің Ресейге салған санкцияларын берік сақтап отыра алмайды деп мәлімдеген. Басылымның ақпаратына сүйенсек, Қазақстан өзінің экономикалық мүдделерін бірінші орынға қоюға бейіл. Қазақстан үшін басты міндет көрші елген қарсы бағытталған шектеулерге ілікпей, бәсекелес аймақта басымдықты сақтап қалу.

Шілдеде АҚШ пен ЕуроОдақ санкциясына ұшыраған қазақстандық қос компания қайталама санкция қаупін төндіретін тұлғалар тізіміне енген болатын.