Жаңалықтар

Microsoft корпорациясы ресейліктер үшін кейбір бұлттық қызметтерді өшіре бастады

Microsoft ресейлік пайдаланушыларды бұлтты қызметтерден ажырата бастады / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Microsoft Ресейде тіркелген корпоративтік клиенттер үшін бұлттық қызметтерін шектеді. Оның ішінде: Microsoft 365, Office 365 және Teams бар. Бұл туралы Softline компаниялар тобы хабарлады.

«Әріптестер, біз Microsoft корпорациясынан 2024 жылдың 2 қыркүйегінен бастап кейбір бұлттық жазылымдарға кіруді шектеу туралы хабарлама алдық. Microsoft жүйесіндегі деректерді сақтауды ұсынамыз», – деп хабарлады Softline өкілдері.

Алайда басқа елдерде штаб-пәтері бар және Ресейден тыс жерлерден басқарылатын трансұлттық компанияларға мұндай шектеу енгізілмеді.

«Біз ажыратуды жүзеге асыру механизмін білмейміз», – деп қосты компания өкілдері.

2024 жылдың 21 тамызында 2024 жылдың қыркүйегінен бастап Ресейде тіркелген барлық заңды тұлғалар Microsoft қызметтерінен шеттетілетіні белгілі болды.

Еске сала кетсек, бұлттық қызметтерді ұсынуға тыйым салу 2024 жылдың маусымында АҚШ Қаржы министрлігі жариялаған санкциялар пакетіне енгізілген.

Пакетті енгізу Италияда өтетін G7 (Үлкен жетілік) елдері басшыларының саммитіне талқыланған. Сондай-ақ АҚШ билігі ресейлік компанияларға IT-консалтинг қызметтерін көрсетуге тыйым салды.

Айта кететіні, АҚШ банктері ресейліктердің шоттарын бұғаттауы мүмкін. Сонымен қатар АҚШ Мәскеу биржасына қарсы санкция енгізген еді.