Lifestyle

Air Astana қызметкері Бибігүл Төлегеноваға дөрекі сөйлеп, бортқа кіргізбей күттіріп қойды

Air Astana қызметкері Бибігүл Төлегеноваға дөрекі сөйлеген / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстанның халық әртісі, аты аңызға айналған әнші Бибігүл Төлегеноваға Air Astana қызметкері дөрекі сөйлеп, бортқа кіргізбей қойды. Бұл туралы Air Astana әуе компаниясының президенті Питер Фостерге арналған ашық хат әлеуметтік желіде жарияланды.

Лика Савельева Facebook парақшасында қазақстандық опера әншісі, халық әртісі Бибігүл Төлегенованың әуе сапары кезінде орын алған жағымсыз жағдай туралы жазды.

«Бибігүл Төлегенованы шығарып салушы адам оны бортқа дейін арбаға отырғызып алып келген. Бірақ қызметкер оларды дереу тоқтатып арбаға таңылған жолаушылар ұшаққа не ең бірінші келуі керек екенін, ал, бірінші келмеді ме соңғы жолаушы кіріп кеткенше күтуі керек екенін айтты… Бибігүл Ахметқызы арбамен тек ұшақтың кіребірісіне дейін ғана барып, ары қарай ешкімге кедергі келтірмей орнына жайғасқысы келді. Оның үстіне сол уақытта топырлаған жолаушы да болмады. Арбамен оп-оңай әрі тез өтіп кетуге мүмкіндік болды. Air Astana қызметкеріне Бибігүл Төлегенова арбада ұзақ уақыт отырып қалса, омыртқасы қатты ауыратынын айтып, салонға ертерек өткізіп жіберуді өтіндік. Тіпті оның жасы 95-ке келгенін, халқының құрметті азаматы екенін де айттық», – дейді желі қолданушысы.

Әуе компаниясының қызметкері аты аңызға айналған қазақ әншісіне ешқайдай жеңілдік болмайтынын өте дөрекі түрде ескерткен. Желі қолданушысы қызметкердің үлкен кісіге, қазақтың атын әлемге танытқан азаматқа деген қарапайым құрметтің жоқтығына наразы болды.

Әлеуметтік желідегі осы жазбаның астына пікір жазған әуе компаниясының ресми парақшасы осындай оқиға орын алғанын растады.

«Бибігүл Ахметқызы Төлегеноваға деген құрметіміз ерекше! Air Astana әуе компаниясы үшін қауіпсіздік басты орында. Әуе қауіпсіздігінің халықаралық ережелеріне сай, арбада отырған жолаушылар ұшаққа ең бірінші болып немесе ең соңында мінеді. Яғни, осы ереже жолаушылардың бәрі үшін ыңғайлы, сондай-ақ, терминалдан эвакуациялау ережелеріне сай. Біздің қолымыздағы ақпаратқа сүйенсек, Қазақстанның халық әртісі Бибігүл Төлегенова мен оның қызы жолаушылар ұшаққа міне бастағанда келген. Сондықтан әуе компаниясының агенті жолаушылар мініп алғанша, күте тұрыңыздар деген. Әуе компаниясы осы оқиғаның орын алғанына қатты өкінеді және қызмет сапасын жақсарту үшін қосымша тексеріс жүргізеді», – деп жауап берді компания.

Сондай-ақ бұл жағдайға байланысты мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева пікір білдірді.

«Қазақстанның және КСРО-ның халық әртісі, аты аңызға айналған әнші Бибігүл Төлегеновны Air Astana әуе компаниясының бортына отырғызу кезінде болған өте ыңғайсыз жағдай мені де қатты алаңдатты.

Әуе компаниясы бұл мәселе қатысты түсініктеме беріп, әуе қауіпсіздігінің халықаралық ережелері еске салды. Әуе компаниясы мен оның қызметкерлері ішкі нұсқаулықтардан бөлек, қарапайым этиканы, адами қарым-қатынасты сақтап, өз клиенттеріне құрметпен қарауы керек деп есептеймін. Әсіресе, жасы үлкен жолаушыларға. Ал қазақ өнерінің бұлбұлы, өнер майталманы Бибігүл Ахметқызына зор денсаулық, ұзақ өмір мен сарқылмас күш-жігер тілеймін» – деді министр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстандықтардың шағымынан кейін, Air Astana мен FlyArystan әуекомпаниялары тексерілетіні туралы жазған едік.