Давид Дегтярев алтын жүлде алып, Паралимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы атанды

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің тілшісі
Давид Дегтярев екі дүркін Паралимпиада чемпионы / фото: туризм және спорт министрлігі

XVII жазғы Паралимпиада ойындарында пара пауэрлифтингтен 54 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен Давид Дегтярев алтын медаль жеңіп алды. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі хабарлады.

Министрліктің мәліметіне сүйенсек, жерлесіміз 188 кг салмақты еңсеріп, екі дүркін Паралимпиада чемпионы атанды. 

Күміс медальді 185 кг көтерген Куба өкілі Рамирез Барриентос Пабло жеңіп алса, қола жүлдені 179 кг нәтижесімен Қытай спортшысы Ян Джинлан иеленді.

Фото: Ұлттық олимпиада комитеті

Айта кетейік, Давид Дегтярев пара пауэрлифтингпен 2016 жылы айналыса бастады. Дегтярев үшін алғашқы жарыс 2016 жылы Көкшетау қаласында өткен «Надежда» облыстық спартакиадасы болды.

2021 жылдың мамырында Тбилисиде 185 кг штанганы көтеріп, Азия рекордын жаңартты және әлем кубогының жеңімпазы болды. Осы жеңістен кейін Дегтярев Паралимпиада ойындары алдында әлемдік рейтингтің көшбасшысы болды.

Токиода 2020 жылғы жазғы Паралимпиада ойындарының чемпионы атанды.

2023 жылдың тамызында Дубайда 180 кг салмақты көтеріп әлем чемпионатында тағы да жеңіске жетті. 2023 жылдың қазан айында Ханчжоуда өткен IV Азия пара ойындарында Давид 186 кг салматы көтеріп алтын медаль жеңіп алды. Сонымен қатар Азия мен Азия пара ойындарының жаңа рекордын орнатты.

Еске сала кетейік, Парижде өтіп жатқан Паралимпиада ойындарында ел қоржынына алғашқы медальді салған Еркін Ғабассов нысана көздеуден күміс жүлдегер атанған.

2021 жылы Токиода өткен Паралимпиада ойындарында Қазақстан 1 алтын (Д. Дегтярев), 3 күміс (Ануар Сариев, Теміржан Дәулет және Зарина Байбатина), 1 қола (Нұрдәулет Жұмағали) медаль иеленген. Бұл ойындарға ел атынан 7 спорт түрінен 26 спортшы қатысқан.

Сондай-ақ оқыңыз