Астанада «Елорда жастары» тұрғын үй бағдарламасына өтінімдер қабылдау басталды
Астанада жастарға арналған «Елорда жастары» тұрғын үй бағдарламасына өтінімдер қабылдау басталды, бұл туралы «Отбасы банк» баспасөз қызметі хабарлады.
Отбасы банкінің мәліметінше, бағдарламаға қатысуға өтінімдер елорда тұрғындары үшін онлайн түрде birge.astana.kz порталында қабылданады. Қатысуға ниетті жастар 2024 жылдың 10 қыркүйегіне дейін құжаттарын тапсыруы қажет. Биыл бағдарламаға қаржыландыру ретінде әкімдік 1 млрд 350 млн теңге бөлді.
«Бағдарламаға қатысу үшін Астана қаласының 35 жасқа дейінгі тұрғындары өтінім бере алады. Қатысушылардың тізімін қала әкімдігі жасақтайды. Өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін, қатысушыларды іріктеу басталады. Ең көп ұпай жинағандар тізімге енеді. Ұпайлар жұмыс өтіліне байланысты саналады, ал отбасында мүмкіндігі шектеулі мүшелері барларға қосымша ұпайлар қосылады», – делінген хабарламада.
Іріктелген қатысушылар Отбасы банктен несие алу үшін жолдама алады. Банк оларды төлем қабілеттілігі бойынша тексеріп, жылдық 5% мөлшерлемемен (ЖТСМ 5,2%-дан 5,7%-ға дейін) несие береді. Бастапқы жарна мөлшері 10%-дан басталады. Елорда жастары 18 млн теңгеге дейінгі несие алуға үміттене алады. Несие 19 жылға дейін беріледі. Бұл несие арқылы алғашқы немесе екінші деңгейлі нарықтан, сондай-ақ үлестік қатысу келісімі бойынша салынып жатқан тұрғын үйден пәтер сатып алуға болады.
«Елорда жастары» бағдарламасына қатысу талаптары:
- Өтінім беру сәтінде қатысушының жасы 34-тен аспауы керек.
- Соңғы бір жыл бойы Астана қаласында тұрақты тіркеуде болуы қажет.
- Өтінім берген кезде Отбасы банкінде 10% бастапқы жарнасы бар депозиттің болуы.
- Соңғы 5 жылда қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің ҚР аумағында жекеменшік құқығындағы тұрғын үйі немесе жалға алынған үйі болмауы тиіс.
- Өтінім беру сәтінде Астанада таңдалған салада соңғы бір жыл бойы ресми жұмыс өтілі болуы керек (зейнетақы шотының үзіндісімен расталады).
- Соңғы 6 айдағы отбасының әр мүшесіне шаққандағы табыс 6 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс (зейнетақы жарналарын, жеке табыс салығын және өзге де міндетті төлемдерді есепке алмағанда).
Бағдарламаға ерлі-зайыптылардың тек біреуі ғана қатыса алады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Астанада сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйлерге өтініш қабылдау басталғаны туралы жазған едік.