Lifestyle

5 қыркүйек күні A’Studio тобының әндері желісімен түсірілген «Стоп ночь» мюзиклі көрсетілімге шығады

«Стоп, ночь!» мюзиклінің жабық көрсетілімі / фото: @Kolumbietc

2024 жылдың 5 қыркүйегінде A’Studio тобының әндері желісімен түсірілген «Стоп, ночь!» киномюзиклі көрермендерге жол тартады.

Бұл фильмнің негізгі ерекшелігі – әйгілі «А’Студио» тобының әндерінің желісімен түсірілгені болып отыр. Алайда фильм Батырхан Шүкеновтің немесе топтың қазіргі мүшелерінің шынайы өміріне негізделмеген. Режиссёр мен сценаристердің ойдан құрастырған оқиғасы деуге болады.

Кинотуындыда «A’Studio» тобының 17 әні ұсынылған. Тыңдармандардың сүйікті әндеріне айналған «Стоп, ночь!», «Солдат любви», «Грешная страсть», «Тик-так», «Еще люблю» және «Джулия» сияқты әндерімен қатар басқа әндер бар. Сондай-ақ «A’Studio» тобының негізін қалаушы, продюсер Байғали Серкебаевтың жаңа өңдеуімен шыққан әндері орындалады.

Фильмнің сюжеті қандай?

Жаңадан құрылған «Дигидай» тобының жас солисі Бейбіт музыка әлемінде жақсы жетістіктерге жетіп, танымалдыққа ие болады. Оның әндері хитке айналып, жұбайы Алма екеуі ұлды болады. Алайда беделді продюсерлер қомақты келісімшарт ұсынғаннан кейін, Бейбіттің өмірі өзгеріп, бәрі басқа арнаға түседі. Оған қоса оның өмірінде жаңа биші қыз Джулия пайда болады.

Басты рөлдерді кімдер сомдады?

Актерлік құрам айтарлықтай жұлдыздарға толы болған жоқ. Басты кейіпкердің рөлін халық арасында көбінесе қылмыскер, маньяк сияқты жағымсыз кейіпкерлерді сомдаумен есте қалған Кеменгер Орал ойнады. Ал оның әйелі мен сүйіктісін ойнаған Жасмин Нұрахметова мен Қарлығаш Ермекова үшін бұл кино дебют болды.

Фильм кімдерге арналған?

Бұл фильмді ең алдымен мюзикл жанрын ұнататын көрермендерге көруге кеңес беруге болады. Дегенмен режиссер Фархат Шарипов мюзиклдан романтикалық емес, керісінше, ауыр драма жасаған. Басты кейіпкерді атақ-даңқ сынағынан өткізуге арналған бұл туынды көрермендерге жеңіл қабылданбайды. Мюзикл жанрының елімізде кең танымал еместігін ескерсек, көрермендер фильмнен әдемі, шоуға толы эпизодтар көргісі келеді. Фильмнің ерекше тұсы Батырхан Шүкеновтің әйгілі «Гүл Алматы» әнімен қаланың көрікті жерлері мен жастардың өмірі жақсы бейнеленген. Кейіпкерлердің музыкалық нөмірлерге көшіп, махаббат оқиғаларын бастан кешуі әдеттегідей емес. Шариповтың кейіпкерлері, әсіресе, басты кейіпкер, терең және жан-жақты бейнеленген.

Фильмнің бас продюссері Байғали Серкебаевтың айтуынша, бұл қазақ кинематография тарихында түсірілген мюзиклдердің дәстүрін жалғайтын туынды.

«Қазақстан кинематография тарихында музыкалық туындылар көп емес. Алғашқы мюзикл режиссер Шәкен Аймановтың 1958 жылы жарық көрген «Біздің сүйікті дәрігер» туындысы. Онда басты рөлді менің әкем Ермек Серкебаев сомдаған. Мюзиклдің композиторы Александр Зацепин. Менің әкемнің орындауындағы «Надо мной небо синее» әні сол кезде миллиондаған көрерменннің жүрегінен орын алған. Араға жарты ғасыр уақыт салып, 2024 жылдың 5 қыркүйегінде «Стоп, ночь» фильмінің тұсаукесері өтеді. Осы туындымыз Қазақстандағы киномюзикльдер дәстүрін жалғастыратынына сенемін», – деді Байғали Серкебаев.

фото: @Kolumbietc

Айта кетейік, «Стоп, ночь!» фильмін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен «Medeor» ЖШС түсірді. Продюссерлердің айтуынша, фильмнің бюджетіне 700 млн теңге бөлінді.

Еске сала кетейік, бұған дейін қыркүйек айында кинотеатрдан қандай фильмдер көрсетілетіні туралы жазған едік.