Жаңалықтар

7 жылдан бері Қалбатау-Майқапшағай тас жолының құрылысы тоқтап тұр – депутат қытайлық мердігерді жауапқа тарту мәселесін көтерді

«Қалбатау-Майқапшағай» бағытындағы жол 7 жылдан бері жасалмаған / shutterstock, бильд-редактор: Денис Андреев

Мәжіліс дептутаты Ерлан Саиров Мәжілісте 7 жылдан бері қытайлық мердігер компанияның «Қалбатау-Майқапшағай» бағытындағы тас жолдың құрылысын аяқтамағанын, жұмыстар тоқтап тұрғанын айтты. Депутат осы жылдар ішінде жаман жолдағы апаттан қайтыс болған азаматтардың қазасына шетел компаниясын жауапқа тарту мәселесін көтерді.

Мәжілісте Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң жобасын таныстырды. Осы орайда депутат бұл заң көмегімен Қазақстанның резиденттері саналмайтын адамдарды жауапкершілікке тарту мүмкіндігі жөнінде сұрады.

Саировтың айтуынша, «Қалбатау-Майқапшағай» бағытында жол салып жатқан мердігер компания талай жылдан бері уәдесін орындамаған. Жол құрылысы тоқтап тұр. Ал осы өңірлерде тұратын халық жол азабын тартуда.

«Қалбатау-Майқапшағай» жолының салынбай жатқанына 7 жыл болды. Осы кезең аралығында қаншама жол апаты болды?! Қаншама азамат қаза тапты?! Егер, есептейтін болсақ, жол апатынан келген материалдық шығын көлемі жүздеген миллион теңгеден асады. Бірақ ондай шығынға мердігердің жауапкершілігі қарастырылмаған. Ол жолды China Xingxing Corporation компаниясы салуы керек болған. Бірақ іс әлі алға баспады. Әрбір азаматтың құны үшін, әрбір мүліктің құны үшін олар көк тиын да төлеген жоқ», – деді депутат.

Саиров жаңа заң негізінде осындай шетелдік компаниялардың қандай жауапкершілікке тартылатынын сұрады.

Өз кезегінде министр Арман Шаққалиев ел заңнамасын бұзған кез-келген шетел азаматы Азаматтық, Қылмыстық кодексте қарастырылған заң нормалары негізінде жауапқа тартылатынын айтты.

«Бізде ерекше заңдар бар. Жолдың қауіпсіздігіне байланысты, оның сапасына қатысты мәселе туындаса, оны заң негізінде шешуге болады. Ондай нормалар елдің Азаматтық, Қылмыстық кодексінде қарастырылған. Шетелдіктер Қазақстан заңын бұзса, оларды жауапкершілікке тарту мүмкіншілігі бар», –деді министр.

Министрдің бұл жауабы депутат көңілінен шықпады. Ол Шаққалиевтен Қазақстан тарапының нақты осы жағдайда Қытай мердігерін жауапқа тарту мәселесіне қатысты нақты жауап беруін сұрады.

«Құрметті, Арман Абайұлы. Дәл бұлайша сұрақтан қашып жауап беруге болмайды. Мен сізге нақты сұрақ қойдым. Нақты жауап берілуі керек. 7 жыл ішінде China Xingxing Corporation компаниясы жұмысты лайықты дәрежеде жүргізбегенінің арқасында қаншама азамат материалдық шығынға ұшырады? Сол заң аясында зардап шеккен азаматтар аталмыш компаниядан материалдық және моральдық шығынын өндіре ала ма? Міне, нақты сұрақ», – деді Саиров.

Бұдан соң министр нақты жауап беруге тырысты. Алайда іс материалдарымен таныспай тұрып, бұл мәселеге қатысты толыққанды жауап беру мүмкін емес екенін айтты.

«Нақты жауап! Егер Қытай компаниясы бойынша материалдар болса, бізге арыз жазыңыз. Біз оларды тұтынушылық құқық жағынан жауапкершілікке тарата аламыз ба, қараймыз. Мен қазір материалдармен таныспай, сізге нақты ештеңе айта алмаймын. Біз бұл мәселені жан-ақты қарастыруымыз керек», – деді министр.

Еске сала кетсек, депутат осыған дейін Қытайдың қарыз қаражатына салынып жатқан жол құрылысы аяқталмастан, бұзылып жатқаны туралы айтып, сынға алған еді. Көлік министрі Марат Қарабаев депутатқа Қалбатау мен Майқаршағай бағытындағы жол 2025 жылы салынып бітетінін айтқан.