Жамбыл облысының прокурорлары «Қазфосфат» компаниясына эмиссия салығы үшін артық төлеген сомасын қайтаруға көмектескен. Бұл жайлы Жамбыл облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
Прокуратураның хабарлауынша, қауіпті және қауіпті емес қалдықтарды көму үшін жергілікті атқарушы органдар тарифтік мөлшерлеме бекітеді. Ал «Қазфосфат» компаниясының жағдайында бұл тариф бекітілмей, артық көлемде алынған.
«Тараз қаласында мөлшерлеме бекітілмей, серіктестіктен 2022 жылдың 1 қаңтары мен 2023 жылдың 9 ақпаны аралығында төлемдер тұрақты түрде алынып отырған. Кейін анықталғандай, төлемдер нормадан асып, кәсіпорын 1,9 млрд теңгені артық төлеген»,- делінген баспасөз хабарламасында.
Қаражат артық төленгеніне қарамастан, Тараз қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы инвесторға салықтың тиісті түрі бойынша алдыңғы төлемдерге артық төленген соманы қайтарудан және есепке алудан бас тартқан.
Ал прокуратура араласқан соң, бұл қаражатты инвестордың болашақ төлемдері ретінде есепке алу жөнінде шешім шығарылған. Сондай-ақ бұл олқылықтарға жауапты лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Прокуратура дәл осылайша табиғат эмиссиясы үшін 45 кәсіпкердің 3 млрд теңге көлемінде қаражатты артық төлегенін анықтаған. Қазіргі таңда бұл мәселені шешу мақсатында прокуратура прокурорлық қадағалау актілерін енгізген.
«Қазфосфат» кімге тиесілі?
«Қазфосфат» АҚ – Жамбыл және Түркістан облыстарында орналасқан кен орындарында фосфорлы кенді өндіру, өңдеу және минералды тыңайтқыштар, сары фосфор және басқа да фосфоры бар өнімдерді өндірумен айналысады.
2022 жылдың 21 желтоқсанындағы жағдай бойынша компанияға Қазақстанда тіркелген «KAZ Chemicals» ЖШС иелік еткен. Ал «KAZ Chemicals» компаниясы – Kazakhmys Resources B.V. (80%), Нұрланов Нұрхан Нұрланұлына (10%) және Нұрланов Нұржан Нұрланұлына (10%) тиесілі. 2022 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша компанияның соңғы бақылаушысы ретінде Владимир Ким көрсетілген.
Ал 2023 жылдың 22 маусымында «KAZ Chemicals» ЖШС «Қазфосфат» ЖШС-нің 100% үлесін CAF Holding Ltd. жекеменшік компаниясына сатты. Солайша «Қазфосфат» ЖШС CAF Holding Ltd. жеке компаниясының иелігіне өткен. CAF Holding Ltd. компаниясының қатысушылары – KP Fertilizers Ltd (50%), Kazakhmys Resources B.V. (40%), Нұрланов Нұрхан Нұрланұлы (5%) және Нұрланов Нұржан Нұрланұлы (5%).
Ал KP Fertilizers Ltd. компаниясының атқарушы директоры Артур Карамашев, директоры Момцемлидзе Сергей Раулиевич деп көрсетілген. Олардың сонымен бірге Ресейде тіркелген «Казхимпром» холдингіне қатысы бар. Холдингке қатысты мәліметтерде компанияның атқарушы директоры ретінде Артур Карамашев көрсетілген. Ал Момцемлидзе компанияның 33,33% үлесіне иелік етеді.