Қазақстанның бұрынғы уақыт белдеуіне көшу мәселесі тек 3 жылдан кейін ғана қарастырылады – министр

Жарияланды
Депутат бұрынғы уақыт белдеуіне көшу мүмкін болмаса, жазғы және қысқы уақыт режиміне көшуді ұсынды / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Аружан Махсотова

Қазақстанның бұрынғы уақыт белдеуіне көшу мәселесі тек 3 жылдан кейін қарастырылады. Бұл жайлы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев айтты.

Депутат Ұлықбек Шабданұлы жазда өңірлерді аралып шыққанын, сонда Шығыс Қазақстан облысының халқы уақыт белдеуін ауыстыру туралы билік шешімін сынға алғанын жеткізді.

«Біз көптеген өңірдің халқымен кездестік. Сонда барлығының көтерген мәселесі осы уақыт белдеуі болды. ШҚО-ға бардық. Жағдаймен таныстық. Осыған орай петиция да жарияланды. 60 мың адам қол қойды. Бұлайша сағат белдеуінің ауысуы халық арасында наразылық тудырып отыр. Енді осы мәселені шешуге болмай ма? Кезінде бізде қысқы уақыт, жазғы уақыт режимі болған. Тіпті болмаса, осындай шешім қарастырып көруге болмай ма? Неге біз халықтың наразылығын тудырып отырмыз?» , – деп сұрады депутат.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев шілде айында ШҚО-ға барғанын, жағдаймен танысқанын айтты. Ал 60 мың адам қол қойған петицияны жұмыс тобы қарастыра келе, уақыт белдеуін ауыстыру мәселесін зерттеуге 3 жыл уақыт керек екенін айтқан.

«Бұл мәселені зерттеу үшін 3 жыл уақыт керек. Оның денсаулыққа әсері зерттеледі. Бірақ сіздің ұсынысыңызды қарастырамыз», – деді министр.

Кулуарда журналистер министрден депутаттың бұл сауалына қатысты жауабын нақтылауын сұрады.

«Сіз депутаттың жазғы-қысқы уақыт белдеуіне көшуге қатысты ұсынысын қарастыратыныңызды айттыңыз. Бұл процес қалай жүргізіледі? Қазақстан осы режимге көше ме?», – деп сұрады журналист.

Министр Қазақстанда бұрын осындай тәжірибе болғанын, сол үшін бұл ұсыныс қарастырылуы мүмкін екенін атап өтті. Десе де ол үшін 3 жыл уақыт күту керек. Шаққалиев негізінен мезгілге сай уақыт белдеуін ауыстыру тәжірибесінен кей елдердің бас тартып жатқанын, сондықтан оның да денсаулыққа пайдасы мен зияны зерттелуі қажет екенін мәлімеді.

«Қазір жазғы және қысқы мезгілге ауысу мәселесі Украинада да қарастырылып жатыр. Олар мұндай тәжірибені алып тастағысы келеді. Десе де біз депутаттың ұсынысын қарастырамыз. Ал уақыт белдеуін ауыстыру жөніндегі петицияға қатысты жұмыс тобы оның денсаулыққа әсерін анықтау үшін әрі ғылыми зерттеулер жүргізуге уақыт керек. Денсаулық министрлігі алдағы 3 жылда уақыт белдеуінің ауысуының денсаулыққа теріс әсері туралы зерттеу жүргізеді. Ал петиция қабылданбады», – деді министр.

Журналистер бұл үш жылда не себепті тек теріс жақтары зерттелетінін сұрады. Олар қолданыстағы уақыт белдеуінің де теріс тұстары аз емес екенін айтты. Соның бірі – кешкі уақытта жұмыс пен мектептен қайтатын азаматтар мен оқушылардың қауіпсіздік мәселесі. Тез қараңғы түсуіне байланысты қазір көпшілік кешкі мезгілде көшеде жүре алмайды.

Шаққалиев оның бәрі тұтыну әдеттері екенін, шындығында оның сағат белдеуіне еш әсер етпейтінін атап өтті.

«Бұл сіздің немесе менің тұтыну әдетіміз емес. Кейбір адамдар түнгі екіге дейін қыдырғанды ұнатады. Олар үшін, әрине, күн қысқа болады. Ал енді біреулер ерте ұйықтап, ерте тұрады. Сондықтан да бұл жерде мәселе жеке адамдардың тұтынушылық әдеттері емес, денсаулыққа әсері туралы болып отыр», – деп түйіндеді сөзін Шаққалиев.

Еске сала кетсек, 1 наурызда Қазақстан сағат UTC +5 уақыт белдеуіне ауысты

Уақыт белдеуін бұрынғы сағатқа ауыстыру жөнінде петиция жарияланып оған, 60 мыңнан астам адам қол қойған болатын. Алайда ол петицияны Сауда министрлігі қабылдаудан бас тартты. Министрліктің мәліметінше, UTC+5 уақыт белдеуі Қазақстан аумағының көп бөлігінде табиғи циклге барынша жақын стандартты уақыт белдеуі.

Сондай-ақ оқыңыз