Жаңалықтар

ІІМ Ұлттық гвардияның Бас қолбасшысы орынбасарының ұсталғанын растады

коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Ішкі істер министрлігі Ұлттық гвардияның Бас қолбасшысы орынбасарының ұсталғанын растады. Оған «заңға қайшы әрекет істеді» деген күдік келтіріліп отыр. Бірақ істің егжей-тегжейі туралы мәлімет айтылмаған. Десе де жемқорлыққа қатысы барлығы тұспалданып көрсетілген.

«Қазіргі кезде ІІМ-мен бірге құзырлы органдарда тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Министрлік өз қатарында кез келген сыбайлас жемқорлықтың көрініс беруіне төзбейді. Осыған орай, қолданыстағы заңнама аясында тергеу объективті әрі жан- жақты жүргізіледі», – деп жазылған министрліктің хабарламасында.

Мұның алдында Ұлттық гвардияның Бас қолбасшысы орынбасарының  ұсталғаны туралы жайлы ақпарат әлеуметтік желіде тараған еді. Генерал-майор Константин Воронкин мен «Ақ жол» партиясының төрағасы орынбасары Дмитрий Васильевтің де аты жөні аталған.

Ұлттық гвардияның сайтында Бас қолбасшысының техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары Константин Воронкин деп көрсетілген. Ол бұл қызметке 2020 жылдың 24 қарашасында тағайындалған.

Әлеуметтік желідегі таралған хабарға қарағанда, Ұлттық гвардияның Бас қолбасшысының орынбасары бір жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің басшысы, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Дмитрий Васильевтен пара алғаны жөнінде жазылған еді.

Мәселенің мән-жайын білу үшін «Курсив» тілшісі Азат Перуашевқа хабарласты. Айтуынша, бұл туралы ол БАҚ-тан оқыған.

«Васильев туралы ақпарат бере алмаймын. Бұл туралы мен жаңа ғана ақпарат құралдарынан оқыдым. Не, қалай болды? Әзірге ештеңе айта алмаймын. Қазір анықтауға тырысамыз. Біздің заңгерлерге оның өзі немесе оның адвокатымен байланысқа шығуды тапсырдым», – деді Перуашев.

«Курсив» осы мәселені алдағы уақытта жіті бақылайтын болады.