Үкімет интернет-дүкендерге салынатын салық көлемін ұлғайта ма?
Үкімет интернет-дүкен маркетплейс арқылы жасалатын электронды сауданың дамуына мүдделі. Өйткені бұл – өте қолайлы қызмет түрі. Сондықтан маркетплейстерге салынатын салықтың көлемі артпайды. Керісінше, жеңілдеуі мүмкін. Бұл туралы Мәжіліс отырысынан кейінгі брифингте Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдеді.
Салық кодексі кәсіпкерлікті дамытуға үлес қосуы тиіс. Министр маркетплейстер арқылы сауда жасайтын кәсіпкерлердің адалдығына шүбә келтірмеді.
Электронды сауда талапқа сай келмейтін нарықты қысқартады
«Маркетлейстер үшін салық 15%-ға артпақ. Бұл маркетплейстерден тапсырыс беру тиімді болмағанын көздейтін базарлардың лоббиі емес пе?» деген журналистердің сауалына министр былайша жауап берді:
«Сауда және интеграция министрлігі электронды сауданы дамытуға басымдық беріп отырғанын жауапкершілікпен мәлімдеймін. Неліктен? Өйткені, бұл бізге, тұтынушылар ретінде мүмкіндік береді. Іс жүзіне келсек, бұл қалағаныңды табалдырыққа дейін әкеп беретін қызмет түрі. Электронды сауда дамыса, заманауи талаптарға сай келмейтін нарықтар қысқарады. Бұл – ведомство басшысы ретіндегі менің жеке пікірім» – деді.
Сондай-ақ министр ешқандай лоббидің жоқ екенін, министрліктің нарықты қолдап отырмағанын айтты.
«Салық салуға келсек, біз керісінше жеке сауда салығын жеңілдетіп жатырмыз. Салық кодексі туралы Президенттің тапсырмасы бар. Оны Жолдауда өздеріңіз естідіңіздер. Нақты айқындап көрсетіп берді. Алдымызға нақты міндеттер қойылды. Бұл міндет – кәсіпкерлік белсенділікті дамытуға серпін беретіндей салық кодексін жасау», – деді Шаққалиев.
«Маркетплейстерге ортақ ойын ережесі керек»
Шаққалиев Ресейлік маркетплейстердің тарапынан алақол бәсекелестік туралы пікірімен бөлісті.
«Әртүрлі маркетплейс өкілдері бұқаралық құралдарын тартып, дөңгелек үстел өткізді. Онда ортақ ереже қажет екені сөз болды. Біреу салықты көп төлеп, екінші біреу «бұл маркетплейс емес, жеткізу қызметі» деп сылтауратып, аз төлеуге ұмтылу дегендей нәрсе болмауы керек екені жеткізілді. Әңгіме осы саладағы фейерплей қағидалары туралы болды. Мұны біз қолдаймыз. Ойын ережесі ашық болуы шарт. Бұл – біздің нақты ұстанымымыз. Маркетплейс «өзіміз сауда жасаймыз» деп, басқа сауда жасаушыларға қысым көрсетпеуі керек», – деді министр.
Оның айтуынша, Мәжілістің бірінші оқылымында салалық заң қаралған. Маркетплейстер сауда субъектілері үшін бекітілген талаптарды орындауы тиіс. Сондықтан министрлік те, Мәжіліс те электронды сауда алаңдары жөнінде заңнаманы әрі қарай жақсарту мәселесін көтерген.