Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының өткізілуіне байланысты Ішкі істер министрлігі ел бойынша қауіпсіздік шарасын күшейтті. Полиция, әсіресе, Астанадағы тәртіпті мұқият қадағаламақ.
3 қыркүйекте осы мақсатта кешенді күштердің гарнизондық жиыны ұйымдастырылды. Ішкі істер министрлігі жеке құрамның дайындығын тексерді.
Полиция қызметкерлері құқықбұзушылықтың алдын алуға, қоғамдық орындарда тәртіптің сақталуына міндетті. Олар туристермен, тұрғындармен сыпайы сөйлесуге тиіс.
Айта кетейік, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 8-13 қыркүйек аралығында Астанада қаласында өтеді. Этникалық спорт түрлері бойынша халықаралық спорттық жарыстарға әлемнің 89 елінен екі мыңнан астам адам қатысады деп күтілуде.
Шілде айында Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өткен кезде де Астана қауіпсіздікті күшейткен еді. Тіпті Астана, Алматы, Қарағанды және Көкшетау қалаларында террорлық қауіптің «сары» деңгейі жарияланды.