Жаңалықтар

Сауда министрлігі әуе компанияларының қызметін реттеуге кірісті

Алматы әуежайынан
Енді авиациялық қызметтерді бақылау Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің құзыретінде болады / Фото: shutterstock

Сауда министрлігі елдегі әуе компанияларының қызметін реттеуді қолға алды. Бұдан былай авиациялық қызметтерді бақылау Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің құзыретінде болады. Бұл жайында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлім етті.

Министр «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» заңға  әуе билеттеріне ақы төлеуден бас тарту мүмкіндігін болдырмайтын өзгерістер енгізілгенін атап өтті.

«Екіншіден, әуе қатынасы енді біздің министрліктің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің құзырында болмақ. Бұл мемлекеттік бақылау тұрғысынан әрекет етуге мүмкіндік береді. Бұл маңызды өзгерістер және оны депутаттар қолдап отыр. Менің ойымша, жақын арада заң шыққаннан кейін жағдай өзгереді», – деді Шаққалиев.

Арман Шаққалиев қазақстандықтар тарапынан әуе компанияларының қызметіне қатысты шағым саны артып келе жатқанын еске салды.

Ведомство басшысы шағымдардың көбеюі әуе компаниялар тарапынан орын алған заң бұзушылықтар да ғана еместігін айтады. Жолаушылардың тұтыну мәдениетінің өсуі де негізгі себептердің бірі.

«Ең бастысы, тұтыну мәдениеті өсіп келеді. Жолаушылар өз құқықтарын қорғау тетіктері туралы ақпараттардан көбірек хабардар», – деп атап өтті Сауда министрлігінің басшысы.

Айта кетейік, Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек авиация саласындағы кемшіліктерді реттеу үшін әуе компаниялар мен оның басшыларын мүліктік жауапкершілікке тартуды ұсынды. Депутат әуе компанияларына мемлекеттің тісі батпай отырғанын айтады.