Қазақстандағы интернет-дүкендер қазақ тілінде қызмет алу тетігін қосуға міндеттеледі
Енді Қазақстанда жұмыс істейтін сауда маркетплейстері қазақ тілінде де қызмет көрсетуі тиіс. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев электронды сауда алаңдарын қазақшалау талабы қойылғанын мәлімдеді.
Мәжілістің 3-ші сессиясының алғашқы отырысында депутаттар «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң жобасы қарады. Оны таныстырған Сауда министрі электронды сауда алаңдарына қатысты атқарылып жатқан жұмыстардың бірсыпырасына тоқталды. Соның бірі – маркетплейстерді қазақшалау мәселесі. Ведомство басшысының айтуынша, электронды сауда алаңдары бұдан былай қазақшаланып, тұтынушыларға ана тілімізде қызмет көрсетуге міндетті болады.
«Депутаттардың көмегімен заңға жаңа новеллалар енгіздік. Ол электронды сауда алаңдарына қатысты. Біз бақылау шараларын өткізетін кезде платформаларды тексеретін боламыз. Тағы бір маңызды тұсы қазақ тілі мәселесі. Ақпарат ретінде айта кетейін, бізде 6 ірі электронды сауда алаңы бар. Kaspi, Ozon, Wildberries, Alibaba сияқты ірі маркетплейстер мен басқа да 41 электронды сауда алаңдарын жинап, оларға қазақ тілінде қызмет көрсету туралы талап қойдық. Қазір байқасаңыздар Kaspi, Wildberries, Колесо болсын қазақ тілді қызмет тетігін іске қосқан»,– деді министр Мәжіліс отырысында.
Екі жылда электронды саудадағы шағымдар 290% өсті
Алайда Шаққалиев электронды саудада кемшіліктер мен шағымдардың көп екенін жасырмады. Әсіресе, тұтынушылардың электронды саудаға шағымы екі жыл ішінде тым көбейіп кеткен. 2023 жылы маркетплейстерге түскен шағымдар 15%-ға, ал биыл небәрі 6 ай ішінде 25%-ға күрт өскен.
«Тұтынушылардың электрондық сауда саласындағы бұзушылықтарға қатысты шағымдарының 2023 жылы 7732 дейін күрт өсіп, олардың саны өткен жылмен салыстырғанда 15 пайыздан асқаның айту қажет. Бұл электрондық сауда құралдарын белсенді пайдаланғанның белгісі. Сонымен қатар 2022 жылмен салыстырғанда шағымдар санының өсуі 290% пайызды құрады», – деп мәлімдеді Шаққалиев.
Министр төрт жыл бұрын енгізілген тұтынушылар құқығы туралы қолданыстағы заң қазіргі жағдайға сай есемтігін айтады. Ал бұл заң жобасын әзірлеу барысында ТМД елдерінің, Германия, Польша, Түркия және басқа да елдердің тәжірибесі зерттелген.
Заңға мынадай негізгі өзгерістер ұсынылды:
1. Дауларды шешу тәртібін жеңілдету. Азаматтық-құқұқтық тұтұнушылық дауларды шешу тәртібі көп сатыдан екі сатыға дейін жеңілдетіледі.
2. Заңның қолданылу аясын кеңейту. «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау» туралы заңның базалық қағидаттары салалық реттеу мен осы салалардағы тиісті мемлекеттік органдардың құзыретін сақтай отырып, қаржылық қызметтерден басқа, барлық қызмет көрсету салаларына қолданылатын болады.
3. Тұтұнушылардың белгіленген және белгіленбеген тобы туралы ұғымдар. Омбудсмен мен тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестіктер тұтынушылардың белгіленбеген тобына қатысты, сотқа талап қою құқығына ие болады.
4. Кәсіпкерлердің азаматтық-құқықтық жауапкершілігі. Егер тұтынушының бұзылған құқықтары қалпына келтірілмесе, тұтынушының пайдасына азаматтық процесте сот өндіріп алатын айыппұл түрінде кәсіпкердің азаматтық құқықтық жауапкершілігі енгізіледі.
5. Онлайн саудада тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту бойынша түзетулер ұсынылады.
6. Институционалды нығайту. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі омбудсмен институты енгізілуде. Ол мемлекеттік органдардың стратегиялық серіктесіне айналады және тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы жүйелі проблемаларды анықтауға көмектеседі.
Мәжіліс «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау» туралы заң жобасының жаңа редакциясын және оған ілеспе заң жобасын мақұлдады.
Еске салсақ, Ресейлік Wildberries маркетплейсінің жүктерін жеткізумен айналысатын Қазақстандағы «Быстро и точка» компаниясымен келісімшарт жасасқан жүргізушілер төлемдердің кешігуіне шағымданды. Жүргізушілердің айтуынша, екі бригадаға жалпы алғанда 30 млн теңге төленуі қажет. Wildberries компаниясы логистикалық компаниялардың міндеттемелерін орындамауы әсерінен тауар жеткізу кешігетінін хабарлаған.