«Мәжіліс қызметкеріне қырындап, қысым көрсетті»: Асқар Садықов харассмент үшін депутаттық мандатынан айырылды

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің аға тілшісі
Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

«Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев экс-депутат Асқар Садықовтың мандатынан айырылуына қатысты пікір білдіріп, мәселенің мән-жайын түсіндіріп берді.

«А.Садықовтың партия қатарынан шығарылу себебіне және журналистер тарапынан қойылып жатқан көптеген сұрақтарға байланысты мынаны хабарлаймын. Садықовқа қатысты бірқатар өтініштер келіп түсті және пленум жиынында ол шағымдар расталды. Шағымдар негізінен оның лауазымдық өкілеттілігін асыра пайдалану және этикалық нормаларды бұзу іс-әрекеттеріне қатысты болды. Арыз-талаптардың әрқайсысы үшін жеке фактілерді айтуға болады, бірақ бір мысал жеткілікті болады деп ойлаймын«, – деп жазды Перуашев өзінің Telegram- арнасында.

Перуашевтың айтуынша, парламентте (партияда емес) жұмыс істейтін бір әйел адам Садықовтың бірнеше рет ұятсыз ұсыныстар жасап, қысым көрсеткені туралы айтып шағымданған. Оған дәлел ретінде партия төрағасы Садықовтың WhatsApp желісінде әйелге жазған жазбаларының скринін көрсетті (этикалық себептерге байланысты оның бопсалауына тап болған жәбірленушінің есімі жасырылған).

«Арызданушы 17 сәуірде өзіне жазылған тіл тигізіп, қорлау ұсыныстарын жауапсыз қалдырып, елемеген екен. Алайда 15 мамырда дәл осы әрекеттер тағы қайталанған. Арызданушының айтуынша, А.Садықов жыныстық сипаттағы бопсалауды жүйелі түрде жалғастырған. Бірақ Садықовтың депутаттық қол сұғылмаушылыққа ие екендігіне байланысты харрасментке тап болған жәбірленуші құқықтық қорғауға жүгіне алмаған«, – деп жазады партия төрағасы.

Пленум барысында Перуашевтің осындай әшкере болған заңсыз әрекеттерге жол берілмейтіндігі туралы ескертуіне Садықов «өзінің депутат екенін және кімге не  айтқысы келсе, соны айтуға құқылы екендігін» айтып жауап берген. 

«Сондықтан біз бұл кедергіні алып тастадық. Ал Асқар Садықовты депутаттық мәртебесінен айыру туралы қабылданған шешімнен кейін жәбірленуші ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғай алады және бұл шешім оған  мүмкіндік береді», – делінген жазбада. 

Азат Перуашев экс-депутаттың лайықсыз мінез-құлқының басқа да фактілері барын айтады. Соның негізінде осындай шешім қабылданғанын түсіндірді. Сондай-ақ мандатынан айырылған депутатқа қатысты кейбір мәселелер құқық қорғау органдарының да назарын аударуы мүмкін. Партия басшысы ондай жағдайда құзырлы органға тиісті көмек көрсетуге дайын екендігін жеткізді.

Перуашев өте лас жағдай орын алғанын, біреудің хабарламаларын оқып, оны жариялауға еш құлқы болмағанын да айтады. 

«Алайда кейбіреулер біздің үнсіздігімізді бұрмалап, басқаша түсінген сыңайлы. сұхбаттың бірінде өзін 1937 жылғы репрессиялар құрбандарымен салыстырып, «шындық» үшін жазым болғандай қылып жеткізген А. Садықов та соған себепші. Біз мұның қаншалықты шындық екенін айтуға мәжбүрміз, бұдан басқа да  эпизодтар мен құжаттар жетерлік. Пленум нақты фактілерге сүйене отырып, А. Садықовты партиядан шығару туралы шешім қабылдады. Соның ішінде, бұл жағдайлардың одан да қауіпті салдары болмас үшін. Өзге адамдардың ар-намысы мен жеке өміріне қатысты болғасын бұл жағдайды көпшілік алдына шығару маған өте жиіркенішті, алайда осы мәселе төңірегіндегі дау-дамай мен алып-қашпа әңгімелердің нүктесін қоюға мәжбүр болдым«, – дейді ол.

Сондай-ақ оқыңыз