АҚШ Маргарита Симоньянға санкция салды
АҚШ-тың Қаржы министрлігі «Россия сегодня» және оның еншілес компаниялары— «РИА Новости», RT, Ruptly және Sputnik атты бірқатар бұқаралық құралдарына санкция салды. Вашингтонның пікірінше, бұл ресейлік медиақұрылымдар АҚШ-тағы президент сайлауына ықпал етуге, сайлау кезінде дауыс берушілердің сеніміне селкеу түсіруге ұмтылып жатыр.
Құжатта осы ақпарат құралдары арқылы Ресей бүкіл әлемде, соның ішінде Молдовадағы ахуалға ықпал етуге, Украинадағы жағдайды ушықтыруға күш салып жатыр.
Санкциялық шектеуге RT бас редакторы Маргарита Симоньян, оның орынбасарлары Елизавета Бродская, Андрей Кияшко мен Антон Анисимов және RT сандық жобалар менеджері Константин Калашников, медиажобалар бөлімінің қызметкері Елена Афанасьева да іліккен.
АҚШ әділет министрлігінің мәлімдеуінше, Калашников пен Афанасьеваға қаржы жылыстату және иноагент туралы заңды бұзуға қатысты айып тағылған. Ведомствоның мәліметінше, аты аталған қызметкерлер ресейлік мүддені күйттейтін бейнероликтерді жариялауға 10 миллион доллар көлемінде қаржы жұмсаған.
АҚШ заңы бойынша Калашников пен Афанасьеваға 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.
«Құрама Штаттары біздің демократиялық институттарымыздың шаңырағын шайқалтуға әрекет етіп жатқан, бір мемлекет қаржыландырып отырған субъектілерді әрі қарай да әшкерелеп, әрекеттері үшін жауапқа тартатын боламыз», – деп мәлімдеді АҚШ Мемлекеттік департаментінің басшысы Энтони Блинкен.
Маргарита Симоньянның өзі АҚШ салған санкцияға қатысты Telegram арқылы «Туф. Ояныпты» деп мысқылдай үн қатқан.
Бұған дейін Маргарита Симоньян Еуроодақтың, Ұлыбританияның және басқа да бірқатар елдердің санкциялық тізіміне енген-ді.