4 кыркүйек күні Атырау мұнай өңдеу зауытындағы (АМӨЗ) маңызды қондырғылардың бірі тоқтап қалған. Зауыттағы апатты жағдайдың алдын алу үшін бутенді олигомерлеу қондырғысының отын желісі алау жүйесіне қосылған.
Атырау әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл жайтқа байланысты тергеу басталған.
«4 қыркүйекте сағат 21.30-да Атырау мұнай өңдеу зауытында Е-1604 ребойлерінде шикізат ағып жатқандықтан, бутенді олигомерлеу қондырғысы тоқтатылды. Төтенше жағдайдың алдын алу үшін қондырғының отын желісі алау жүйесіне бағытталған. Қазір зауытта оқиғаның мән-жайын анықталып жатыр. Сонымен қатар өндірісті қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Бұл факті бойынша Атырау облысы бойынша экология департаменті тексеру тағайындайды», – делінген бейсенбі күні таратқан хабарламада.
Әлеуметтік желіде Атырау қаласының тұрғындары зауыт шикізат жаққанда ауаны сасық иіс жайлап, тыныс алу мүмкін болмай қалғанын жазады.
«Сол АМӨЗ-дің дәл қасында тұрамыз. Енді иісі деген айта алмаймыз ғой. Үйге не сыртқа жарық жағып қажеті де жоқ. Прожектор нағыз. Жарықтың биіктігі шамамен 100-150 метрдей болады», – деп жазады желі қолданушылары.
Атырау МӨЗ-і – Қазақстандағы үш ірі мұнай өңдеу зауытының бірі. Кәсіпорынның негізгі иесі – «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы. Зауытта мұнайды қайта өңдеудің жобалық қуаты жылына 5,5 млн тоннаға пара-пар, ал қайта өңдеу тереңдігі – 86,4%-ға дейін жетеді.
5 қыркүйек күні зауыт акционері – «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы зауыттағы қондырғы қалпына келтіріліп, штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын хабарлады. ҚМГ жағдай толық бақылауда, ауадағы зиянды қалдықтарың шамасы нормадан асқан жоқ деп сендіреді.
Жақында Қаржы мониторингі агенттігі «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-нің бұрынғы бас директоры Мұрат Досмұратовқа қатысты қылмыстық істі аяқтағанын хабарлады.