3 есе қымбат: миллиардер Клебанов пен Канға тиесілі компания өндіретін энергияға жоғары тариф бекітілмек

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
«Астана ЭКСПО-2017» жел электр станциясына қандай тариф бекітілмек / Фото; cge.kz, бильд-редактор: Денис Андреев

«Астана ЭКСПО-2017» жел электр станциясы өндіретін энергияның тарифі ерекше шарттармен, өзге жел станцияларымен салыстырғанда 3 есе жоғары бекітілмек. Бұл станция миллиардер Александр Клебанов пен Сергей Канға тиесілі «ЦАТЭК Green Energy» компаниясының меншігінде.

Энергетика министрлігінің «Ашық НҚА» порталында жариялаған қаулы жобасында жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) есебінен өндірілетін электр энергиясына тіркелген тариф бекітілетіні жазылған.

«Қоса беріліп отырған жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі объектілер өндіретін электр энергиясын жеткізуге тіркелген тарифтер бекітілсін», – делінген Энергетика министрлігі қоғамдық талқылауға жариялаған құжатта.

Бұйрық ресми жарияланғаннан кейін, күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енеді. Бұл ретте бұйрықтың орындалуын бақылауға жетекшілік ету энергетика вице-министріне жүктеледі.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің қолы қойылған бұйрықтың түсіндірме жазбасында құжатты қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және/немесе өзге де салдарға әкеп соқпайтыны жазылған.

Қуаты 100 МВт болатын «Астана ЭКСПО-2017» жел электр станциясын қоспағанда, жел электр станциялары үшін тіркелген тариф ҚҚС-сыз кВт/сағ үшін 22,68 теңге болып белгіленді.

Ал «Астана ЭКСПО-2017» жел электр станциясы үшін мұндай тариф бір кВт/сағ үшін 59,7 теңгені құрайды. Яғни басқа жел электр станцияларының тарифінен 3 еседей жоғары.

Қазақстандық кремний (Kaz PV) негізіндегі фотоэлектрлік модульдерді пайдаланатын күн электр станцияларын қоспағанда, күн электр станциялары үшін тариф – ҚҚС-сыз кВт/сағ үшін 34,61 теңге боп бекітілмек.

Су электр станциялары үшін тіркелген тариф ҚҚС-сыз кВт/сағ үшін – 41,23 теңге, биогаз электр станциялары үшін 32,23 теңгені құрайды.

«Астана ЭКСПО-2017» жел электр станциясын «ЦАТЭК Green Energy» компаниясы іске қосқан. Оның бас компаниясы – «Павлодарэнерго» АҚ.

Ал «Павлодарэнерго» – «Орталық-Азия электроэнергетикалық корпорациясының» 100% еншілес кәсіпорны. Александр Клебанов пен Сергей Кан – ОАЭК-тің негізгі акционерлері. «Орталық Азия электроэнергетикалық корпорациясының»(ОАЭК) 47% акциясы Александр Клебановка тиесілі болса, 47%-ы Сергей Канның иелігінде. Сонымен қатар KIF ENERGY S.À R. L. компаниясы – 4%, ЦАТЭК компаниясы 1,78% үлесті меншіктеген.

Қос олигарх ОАЭК арқылы «Павлодарэнерго» АҚ, «Павлодар Солтүстік су каналы» ЖШС, «СевКазЭнерго» және «Ақмола РЭК» компанияларына да иелік етеді. Олар Forbes нұсқасы бойынша ең бай қазақстандықтар тізіміне енген.

Александр Клебанов – ең бай 75 бизнесмен рейтингінде 12-ші орында (2024 ж.) және Қазақстанның ең ықпалды 50 бизнесмені рейтингінде 21-орында тұр. Оның байлығы 815 миллион долларға бағаланады. Ал Сергей Кан 292 миллион долларға тең байлығымен ең бай 75 бизнесменнің (2024) арасында 31-орынға жайғасқан.

2023 жылғы аудиттелген қаржы есебіне сәйкес, ОАЭК еншілес компанияларымен бірге 4,7 млрд теңге пайда тапқан. Алайда акционерлеріне дививденд төлемейді.

Сондай-ақ оқыңыз