2 млн адамның жеке дерегін таратқан микроқаржы ұйымы жалғыз акционерін екі жыл бұрынғы пайдасынан 1,3 млрд теңге дивиденд төлейді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
«Займер.кз» өз акционеріне 1,3 млрд теңге дивиденд төлейді /Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2 млн қазақстандықтың жеке дерегін таратып жіберген «Робокэш» микроқаржы ұйымы жалғыз акционеріне 2022 жыл үшін 1,3 млрд теңге дивиденд төлейді. Бұл МҚҰ Қазақстан нарығында Zaimer.kz және TezCredit.kz атымен жылдам несие береді.

Компания акционерінің Сингапурда өткен жиналысында компанияның 2022 жылғы таза пайдасынан 1,3 млрд теңге дивиденд төлеу туралы шешім шығарылған. Қаржы шешім шығарылған күннен бір ай ішінде аударылмақ. Акционерге дивиденд сол күнгі бағам бойынша еуро немесе доллармен төленеді.

Микроқаржы ұйымының 2022 жылғы аудиттелген қаржы есебіне сүйенсек, 2 жыл бұрын МҚҰ-ның меншігіндегі актив көлемі – 18,5 млрд теңге, ал міндеттемелері 8 млрд теңге болған. Сол жылы 8,4 млрд теңге таза пайда тапқан. Ал 2023 жылы компанияның таза пайдасы 1,5 есе өсіп, 12,8 млрд теңгеге жеткен.

Қазір «Робокэш» ЖШС – Қазақстандағы ең ірі 10 микроқаржы ұйымынының қатарына кіреді. Ұлттық банктің 2024 жылғы 1 сәуірдегі мәліметі бойынша, оның активі 31 млрд теңгеге жетіп қалған. Міндеттемелері 34 млрд теңгеден асады. Яғни 1,5 жылда микроқаржы ұйымының активтері 2 есе, ал міндеттемелері 4 еседей өскен. Ал биыл 4 айдағы таза пайдасы 2,8 млрд теңгеге тең.

Қаржы есебінде микроқаржы ұйымының акционері ROBOCASH РТЕ. LTD компания екені жазылған. Түпкі иесі – Түркия азаматы Сергей Седов пен француз Валин Пол Жак Тьерри. Сергей Седов 2022 жылға дейін Ресей азаматтығын иеленген.

Шілде айында «Робокэш» 2021 жылғы қызметі үшін акционеріне 1,7 млрд теңге дивиденд төлейтінін хабарлаған.

Еске сала кетсек, 2024 жылғы 5 наурызда «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ Zaimer.kz («Робокэш.кз» ЖШС) микроқаржы ұйымының 2 млмн клиентінің жеке дерегі таралып кеткені жайлы хабарлады. Жалпы Robo.finance платформасында жұмыс істейтін микроқаржы ұйымдары клиенттерінің 36 млн-нан астам деректері анықталды. Оның ішінде РФ – 23,6 млн, Филиппин – 5 млн, Вьетнам – 2 млн деректері бар.

Ал сәуір айында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қазақстандықтардың жеке деректерінің таралуына жол берген Zaimer.kz микоқаржы ұйымына 1 846 000 теңге көлемінде айыппұл салды. 2 млн клиенттің арасында тек  8,5 мың азамат жеке дерегінің ұрлануына қатысты шағым түсірген.

Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов қалған азаматтардың бұл фактіге алаңдаушылық білдірмей, оған бей-жәй қарағанын айтады. Микроқаржы ұйымына заң бойынша 1000 АЕК көлемінде айыппұл төлеу міндеттелген. Алайда айыпты ұйым оны бір аптаға жеткізбей төлегендіктен, жартысын ғана өтеп құтылған.

Сондай-ақ оқыңыз