Lifestyle

Әзербайжан мен Өзбекстан бірігіп көлік құрастыруды жоспарлап отыр

Өндіріс көлемі жылына 15 000 автомобиль шығаруға есептелген / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Әзербайжандық Azermash компаниясы мен Өзбекстан CKD (шағын торапты жинақ) технологиясы бойынша Cobalt автомобильдерін құрастыру бойынша бірлескен жоба әзірлеуде. Бұл туралы әзербайжандық БАҚ хабарлады.

Cobalt автомобильдерінің өндіріс көлемі жылына 15 000 автомобиль шығаруға есептелген және оны іске қосу 2025 жылға жоспарланған. Ынтымақтастық аясында Ғажығабыл қаласындағы зауытта да Tracker және Onix автокөліктерін шығару қолға алынуда.

Айта кету керек, Өзбекстан жеңіл, жүк көліктері, коммерциялық және арнайы техникалар, сондай-ақ автобустар шығарады. Көрші ел жылына 500 000 бірліктен аса көлік өндіреді. Өзбекстандағы ірі автомобиль шығаратын кәсіпорындар: UzAuto Motors, MAN Auto Uzbekistan, SamAuto, ADM Jizzax. Сондай-ақ жуырда аталған ел BYD электромобильдерін шығаруды қолға алды.

Әзербайжанда да машина жасау саласы дамып келеді. Ірі кәсіпорындар қатарында Azermash, «АзСаманд», Гянджа және Нахчыван қалаларындағы сауда және жүк көліктерін шығаратын зауыттар бар.

Еске сала кетсек, 22 тамызда Ташкентте өзбек-әзербайжан бизнес-форумы өткен болатын. Келіссөздер нәтижесінде 2 млрд долларды құрайтын жобалар портфелі қалыптасты.