Жаңалықтар

Қазақстанда құрылысы 10 жылға созылған алғашқы автомобиль тоннелі пайдалануға берілмек

Қазақстанда құрылысы 10 жылға созылған алғашқы ең ұзын автомобиль тоннелі пайдалануға берілмек
Автомобиль тоннелі Шымкент пен Тараз арасын жалғайды / Фото: Көлік министрлігі

Түркістан облысы Шақпақ баба асуында Қазақстандағы алғашқы автожол тоннелінің құрылысы аяқталды.

«Тоннель осы айда халық игілігіне пайдалануға беріледі», – деп хабарлады Көлік министрлігі.

Бұған дейін министрлік Қазақстандағы ең ұзын автомобиль тоннелі шілде-тамыз айында пайдалануға беріледі деп хабарлаған. Алайда жоба тағы кешіктірілді.

Жалпы өткелдің құрылысы 2014 жылы басталған. Оның ұзындығы 840 метрді құрайды. Жерасты өткелі Шымкент пен Тараз арасын жалғайды. Ведомство тоннелді пайдалануға бермес бұрын арнайы оқу-жаттығу сабақтарын өткізді. Аталған оқу-жаттығуға тоннельге қызмет көрсетуге жауапты мамандар, Түркістан облысы ТЖД, полиция қызметкерлері (100 адам мен 15 бірлік арнайы техника) жұмылдырылды.

Оқу-жаттығу барысында төтенше жағдайда орындалатын жедел іс-әрекеттер пысықталды.

Өткелде желдету, бейнебақылау, өрт дабылы және өрт сөндіру жүйесі сынды қауіпсіздік құралдары орнатылған. Аталған жүйелер құрылымның қауіпсіздік стандарттарын растау үшін маңызды.