Екінші алтын: Ақмарал Науатбек Паралимпиада ойындарының жеңімпазы атанды

Жарияланды 5 Қыркүйек 2024 21:48

(жаңартылды 6 Қыркүйек 2024 09:32)
Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Ақмарал Науатбек Паралимпиада чемпионы атанды / фото: ұлттық олимпиада комитеті

Қазақстандық Ақмарал Науатбек Парижде өткен Паралимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алды деп хабарлайды Туризм және спорт министрлігі.

Министрліктің мәліметінше, спортшы пара дзюдо спортынан басты жүлдеге ие болды. Науатбек 48 килограмға дейінгі салмақ дәрежесінде (J2 категориясы) финалда жеңіске жетті.

Финалдық бәсекеде Ақмарал жергілікті Франция өкілі Сандрин Мартинемен кездесті. Қазақстандық спортшы «иппон» ұпай санымен жеңіске жетті.

Ақмарал Науатбек дзюдомен 11 жасынан бастап айналыса бастаған. 2017, 2018 және 2019 жылдары жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаттарына қатысқан. 2021 жылы көру қабілеті нашарлағаннан кейін, паралимпиадалық дзюдода өз күшін сынап көрді.

2022 жылы Бакуде өткен парадзюдодан әлем чемпионатында 48 кг дейінгі салмақта (J2 класы) жеңімпаз атанып, финалда 2016 жылғы Паралимпиада чемпионы, франциялық Сандрин Мартинені жеңді.

2023 жылы Ханчжоуда өткен Азия Пара ойындарында да дәл осы салмақ дәрежесінде жеңіске жетті.

Айта кетейік, Қазақстанның қоржынында қазір төрт медаль бар. Бұған дейін пара пауэрлифтингтен Давид Дегтярев алтын медаль иеленсе, пара атқыш Еркін Габбасов күміс жүлде алған болатын. Пара жеңіл атлетикадан Дастан Мұкашбеков қола медальмен марапатталды.

Сондай-ақ оқыңыз