Жаңалықтар

Қазақстандық шахматшы Меруерт Камалиденова Қарағанды ​​облысы әкімінің Кубогында жеңіске жетті

Меруерт Камалиденова Қарағанды ​​облысы әкімінің Кубогында жеңіске жетті / фото: Қазақстан шахмат федерациясы

Қазақстандық шахматшы Меруерт Камалиденова Қарағанды ​​облысы әкімінің Кубогында жеңіске жетті, деп хабарлайды Қазақстан шахмат федерациясы.

Турнир ойындары 27 тамыз бен 4 қыркүйек аралығында өтті.

Федерацияның мәліметіне сүйінсек, Masters турниріне ерлер арасында Қазақстанның алдыңғы қатарлы ойыншылары мен Армения, Ресей, Үндістан, Швеция, Украина, Польша, Моңғолия және Испаниядан келген шетелдік гроссмейстерлерден құралған 10 шахматшы қатысты. Камалиденова ерлер арасында жалғыз әйел ойыншы ретінде ерекше нәтиже көрсетіп, 9 мүмкіндіктен 5,5 ұпай жинады. Соңғы турда ол Арыстанбек Уразаевпен кездесіп, ойын 72-ші жүрісте тең аяқталды. Бұл нәтиже Меруертке турнирде таза жеңіс әкеліп, екінші орынды иеленген гроссмейстер Денис Махнёв пен басқа да мықты қарсыластарынан басым түсуіне мүмкіндік берді.

Әйелдер арасында өткен Masters Women турнирінде украиналық шахматшы Юлия Осьмак 7 ұпаймен бірінші орын алды. Екінші орынды 19 жастағы қазақстандық шахматшы Лия Құрманғалиева, ал үшінші орынды польшалық Клаудия Кулён иеленді.

Айта кетейік, турнирдің жалпы жүлде қоры 6 млн теңгені құрады. Турнирді Қазақстан шахмат федерациясы мен Қарағанды облысының әкімдігі Freedom Broker компаниясының қолдауымен ұйымдастырды.

Сонымен қатар кәсіби шахматшылардан бөлек, әкім кубогы аясында әуесқойлар арасында үш турнир өтті. 2350-ден аспайтын рейтингке ие шахматшылар секциясында Алимжан Аяпов жеңіске жетті, рапид турнирінде Иван Мезенцев, ал мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік ұйымдар жұмысшылары арасындағы блиц турнирінде Владимир Могила үздік болды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Астанада шахматтан «Senat Open» Республикалық турнирінің финалдық кезеңі өткені туралы жазған едік.